Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің бесінші кезеңі – Сарапшылық комиссияда әңгімелесу кезеңінің басталғанын хабарлады.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз хатшысы Ерхан Таткен өзінің «Facebook» парақшасында жазды.
«Сарапшылық комиссияда әңгімелесу» кезеңіне «құзыреттерді бағалау» кезеңінің құзыреттер бойынша сұхбат бөлімінің қорытындылары негізінде ең жақсы нәтиже көрсеткен 100 адам жіберілді. Сарапшылық комиссияда әңгімелесу кезеңі ағымдағы жылғы 3-10 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің базасында офлайн форматта өтеді – деді ол.
Сарапшылық комиссиясының мүшелеріне кандидаттармен сұхбаттың нәтижелері бойынша қысқаша есептер ұсынылатын болады.
Комиссия құрамына мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кірді. Комиссия отырысына байқаушылар ретінде қоғам және БАҚ өкілдері шақырылды. Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 65 кандидаттан аспайтын тізім жасалады, олар Ұлттық комиссия отырысына қарауға ұсынылады. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке енгізіледі. Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты - қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау - деп жазды Агенттіктің баспасөз хатшысы Ерхан Таткен.