Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы жастар арасында ғылым мен технологияға қарағанда әлеуметтік желідегі кейбір блогерлер мен коучтарға еліктеу үрдісі байқалатынын айтты. Бұл туралы ол Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияда мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарына ерекше мән берілген. Ендігі міндет – бұл басымдықтарды білім беру жүйесінің мазмұнына енгізіп, жас ұрпақтың ғылым мен инновацияға қызығушылығын мектеп қабырғасынан қалыптастыру.
Бүгінде ғылым мен инновация – жаңару мен ел сапасының маңызды тетігі. Ата заңдағы құндылық пен басымдық енді өміріміздің мәніне, өзегіне айналуға тиіс. Әсіресе, ғылым мен инновацияның негізі мектепте жүйелі оқытылып, үзіліссіз жалғасуы шарт, – деді Дихан Қамзабекұлы.
Ол бүгінде жасөспірімдер мен жастардың бір бөлігі кейбір блогерлер мен коучтарға еліктейтінін, тіпті көп еңбек етпей-ақ мол табыс табуға болатындығына сенетінін атап өтті.
Өкінішке қарай, бүгінгі жасөспірімдер мен жастардың біршама бөлігі қайбір біліксіз блогер мен кереғар коучке еліктейтіні, тіпті көп тер төкпей-ақ мол қаржы табуға сенетіні байқалады. Бұл – дана Абай сынаған «бес дұшпан істің» жолы, – деді депутат.
Дихан Қамзабекұлы елге қазір инженерлік-технологиялық ойлау, ғылыми ізденіс пен өнертабыс қажет екенін атап өтті.
Рас, кәсіптің жаманы жоқ. Алайда дәл қазір елімізге инженерлік-технологиялық ой, ізденіс, өнертабыс ауадай қажет. Иә, рухани жетілу ұмытылмайды. Тереңірек қарасақ, Тәуелсіздік мұратының өзі – мәдени қазына, адастырмас темірқазық, – деді ол.
Депутат оқушылар мен студенттерге ғылым мен техника саласында еңбек еткен отандық ғалымдар мен инженерлерді үлгі ету қажеттігін айтты. Ол ХХ ғасырдың басындағы инженер Мұхамеджан Тынышбайұлы, медик-биолог Халел Досмұхамедұлы, математик Ибадулла Ақбергенұлы, академиктер Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Мұрат Айтқожин, Патшайым Тәжібаева, Жамал Қаңлыбаева, сондай-ақ қазіргі заманғы ғалымдар Оразақ Ысмағұлов, Мұхтарбай Өтелбай және Рахметқажы Берсімбай сынды тұлғаларды атап өтті.
Гендік, медициналық инженерия, STEM мамандықтарының бастауы өз дәстүрімізде тұр, – деді депутат.
Оның пікірінше, қоғамға пайда әкелетін білім мен білікті адам капиталының маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажет.
Осыған байланысты Дихан Қамзабекұлы жас ұрпақтың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс жасады.
Атап айтқанда, ғалымдар, инженерлер, өнертапқыштар және басқа да интеллектуал тұлғалардың қоғамдық беделі мен кәсіби бейнесін жас буынға танытатын арнайы жоба әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ ғылым мен технологияға елеулі үлес қосқан тарихи және қазіргі тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда тұрақты насихаттауды жолға қою қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, инженерлік-техникалық және жаратылыстану мамандықтарына талантты жастарды тарту мен даярлаудың тиімді бағдарламаларын әзірлеуді ұсынды.
Депутат орта білім беру ұйымдарының, оның ішінде «Келешек мектептері» мен Оқушылар сарайларының жұмыс нәтижесін бағалау кезінде инженерлік-техникалық және жаратылыстану бағыттарындағы конструкторлық алаңдар мен үйірмелердің нәтижесін жеке көрсеткіш ретінде енгізуді де ұсынды.