Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Жастар арасында экологиялық мәдениетті нығайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасының орындалу барысы туралы баспасөз конференциясы өтті.
«Қазақстанның экологиялық қоры» ҚҚ президенті Айгүл Әбдуалиева жобаның орындалу барысы, сондай-ақ оның тиімділігі туралы презентация ұсынды.
Жобаны жүзеге асыру барысында жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға әсерін тигізетін түрлі экологиялық акциялар, байқаулар, тренингтер және басқа да іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, заманауи жастардың мүдделеріне бейімделген инновациялық әдістер қолданылды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «№43 мектеп-қосымша білім беру орталығы» КММ базасында ЭКО клубы ашылды, еліміздің жануарлары мен өсімдіктерін қорғау туралы пайдалы ақпараттан тұратын бірқатар бейнероликтер шығарылды,- деді ол.
Сондай-ақ Қосшы қаласында, ауыл іргесіндегі Қарасу өзенінің бойында жастар арасында сенбіліктер ұйымдастырылды.
Қор Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде «Айырбастау» акциясын өткізіп, қатысушылар 1 кг пластикті бір бөтелке шырынға айырбастап, нәтижесінде 100 кг пластик тапсырды. Бұл акцияға 300-ден астам адам қатысты.
«10 толтырылған дәптер әкел – 1 таза дәптер ал» республикалық акциясына 400-ден астам адам қатысып, 1000 келіге жуық макулатура тапсырылды. Сондай-ақ еліміздің Шығыс Қазақстан облысының қалаларында және Ақмола облыстарында акциялар өткізу жоспарлануда, жалпы қамту 1500 қатысушыны құрайды.