Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала күнін мерекелеу аясында Нұр-Сұлтанда 2012, 2013 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында "Елорда кубогі" қалалық ашық футбол фестивалі өтті.
Футбол фестивалінің ашылу салтанатына қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Футбол федерациясының президенті - Давид Лория, №8 БЖМОРСМ басшысы - Дінмұхамед Курамаев сонымен қатар, футболдан ҚР құрама команда ойыншылары да қатысып, фестивальдің жас қатысушыларына ізгі тілектерін айтып сәттілік тіледі.
Ашылу салтанатында сөз алған Нұр-Сұлтан қаласы Футбол федерациясының президенті - Давид Лория жарыс қонақтары мен қатысушыларды алдымен қала күнімен құттықтап, елордамыз өркендей берсін деген жылы лебізін білдірді.
Бүгінгі мереке қарсаңында ұйымдастырылып жатқан жасөспірімдер арасындағы "Елорда кубогі" қалалық ашық футбол фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл футбол фестивалін өткізудегі біздің мақсатымыз – жастарымызды бұқаралық спортқа тарту, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр, сергек болуға ұмтылуға ынталандыру, жастардың бойында жігерлілік пен жеңіске деген ұмтылысты қалыптастыру болып табылады. Футбол фестивалінің қатысушыларына сәттілік пен жеңіс тілеймін-деді қалалық Футбол федерациясының президенті.
Фестивальге елордамыздың орта мектеп оқушылары және қалалық футбол бойынша №8 БЖМОРСМ тәрбиеленушілері, жалпы 260 -ден аса жас жеткіншектер қатысты. Жалпы жарысқа екі жас санатындағы 9 және 10 жастағы балғын футболшылардан құралған 16 команда болып өзара мықтыны анықтады.
Елордада спорттың көптеген түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалынған. Балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, спортқа деген иекемділіктерін жетілдіруге де мүмкіндіктер зор. Осыны тілге тиек еткен Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қатысушыларды саламатты өмір салтын әрдайым сақтауға шақырды.
Спортпен шұғылдану тәртіпке үйретеді, тән мен жанды қатар дамытады, денсаулықты шыңдайды, мінез қалыптастырады. Сондықтан біз балалардың спортпен жан-жақты айналысуына қолдау білдіреміз. Өздерінің спорттағы мүмкіндіктерін балалар бізге қазірдің өзінде көрсетіп отыр. Жас футболшылар болашақта кәсіби спортшы болады деп сенемін, – деді қалалық спорт басқармасының басшысы.
Күн бойына созылған ойындар нәтижесінде 2012 жылғы жасөспірімдер арасында "№8 БЖМОРСМ (а)" командасы қарсылас шақ келтірмей, "Елорда кубогінің" жеңімпазы атанды. Екінші орынды "Айбын" командасы алса, үздік үштікті "№8 БЖМОРСМ (б)" споршылары алды.
Ал, 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында "Айбын" командасы жеңіске жетті. Екінші орынға ерекше атаумен көзге түскен "Футниндзя" командасы жайғасты. Елордалық "Фабрика" есімді команданың споршылары үздік үштікке ілінді.
Екі жас санатындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен, кубокпен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.