Жасанды интеллект шенеуніктерді алмастыра ала ма? – Депутат пен ChatGPT жауабы

Бөлісу:
Жасанды интеллект шенеуніктерді алмастыра ала ма? – Депутат пен ChatGPT жауабы
Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметі

Мәжіліс депутат Екатерина Смышляева жасанды интеллекттің мемлекеттік қызметкерлер штатына және шығындарды оңтайландыруға қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Смышляеваның айтуынша, жасанды интеллект депутаттардың белгілі бір жұмысын атқара алады, бірақ тек көмекші ретінде. Депутат қазір әлемде әртүрлі тәсілдер бар екеніне тоқталды.

Біріншісі – белгілі бір деңгейде шешім қабылдау еркіндігіне ие ЖИ-агенттер. Екіншісі – көмекші жүйелер. Бұл тұрғыда мемлекеттік аппараттың кейбір, әсіресе күнделікті жұмыстары сөзсіз жасанды интеллектіге жүктеледі. Бұл қызметкерлердің уақытын маңыздырақ міндеттерге арнауға мүмкіндік береді. Бірақ штат санына қалай әсер ететінін нақты айту қиын. Себебі ЖИ-ді енгізу де жаңа жұмыс орындарын талап етеді – оны әзірлеу, қолдау, бақылау сияқты процестерді жүргізетін мамандар қажет. Сондықтан қызметкерлер саны күрт қысқарады немесе көбейеді деп дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ ЖИ-дің күнделікті қайталанатын жұмыстарды азайтатыны анық, - деді депутат.

Оның айтуынша, жасанды интеллектті қолдану жұмыстың жылдамдығы мен өнімділігін арттырады.

Аналитикалық жұмыстар, сөзсіз, үлкен деректер базасына негізделген жасанды интеллект жүйелеріне өтеді. Алайда, ол үшін деректердің тазалығы, қолжетімділік шарттары және барлығына тең мүмкіндіктер қамтамасыз етілуі қажет. Бұл процестің көптеген тиімді тұсы бар, сондықтан оның қалай жүзеге асатынын бақылап отырамыз. Бірақ ЖИ кез келген аналитика мен процестерге ықпал етеді, өйткені ол ең оңтайлы шешімдерді таба алады. Бұрын бірнеше күн немесе жылдар кететін тапсырмаларды жасанды интеллект бірнеше сағатта орындай алады. Ал шығындарды оңтайландыруға қатысты нақты сандарды айту қиын – оны тіпті ChatGPT де болжай алмайды, - деп түйіндеді Смышляева.

Ал ChatGPT-дің өзі "Жасанды интеллект шенеуніктерді алмастыра ала ма?" деген сұраққа былай жауап берді:

Жасанды интеллект, соның ішінде ChatGPT, мемлекеттік қызметтің кейбір міндеттерін жеңілдетіп, тиімділігін арттыра алады, бірақ толық алмастыра алмайды.

Нені атқара алады?

Құжат айналымы мен талдау: ЖИ үлкен деректермен жұмыс істеп, есептерді жылдам әзірлей алады.

Күнделікті сұраныстарды өңдеу: Азаматтардың өтініштеріне жауап беру, анықтамалар беру, заңнаманы түсіндіру сияқты қызметтерді автоматтандыруға көмектеседі.

Болжам жасау: Статистикалық деректер негізінде әлеуметтік, экономикалық өзгерістерге қатысты талдау жасап, ұсыныстар бере алады.

Нені алмастыра алмайды?

Шешім қабылдау: Мемлекеттік басқаруда тек деректерге емес, саяси, әлеуметтік факторларға да сүйену қажет. ChatGPT логикаға негізделген жауап береді, бірақ этикалық, заңнамалық және ұлттық мүдделерді есепке алу үшін адам факторы маңызды.

Жауапкершілік: Шешім қабылдауда жауапкершілік адамға жүктеледі. Егер ЖИ қатеге ұрынса, оны кім жауапқа тартады деген сұрақ туындайды.

Келіссөздер мен дипломатия: Саясаткерлер мен шенеуніктер елдер арасындағы қарым-қатынасты, қоғаммен диалогты жүргізу кезінде эмоция, түйсік және тәжірибені қолданады.

Яғни жасанды интеллект көмекші құрал ретінде өте пайдалы, бірақ адамдарды толық алмастыра алмайды. Болашақта ЖИ шенеуніктердің жүктемесін азайтып, стратегиялық мәселелерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ басты шешімдерді әрдайым адамдар қабылдайды.

Өзгелердің жаңалығы