Жасанды интеллект қоғамдық және саяси пікірталастардың сапасын арттыра алады. Алайда сонымен қатар ол қоғамдық пікірге жасырын ықпал етудің жаңа мүмкіндіктерін де ашады. Мұндай пікірді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында өткен сарапшылық кездесуде саясаттанушы Ғазиз Әбішев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, нейрожелілердің қоғамға ықпалы бүгінде ақпарат іздеумен ғана шектелмейді.
Жасанды интеллект адам тұрақты пікір алмасатын, ой бөлісетін және өз уәждерін саралайтын көмекшіге айналып келеді. Алдағы уақытта жаңа буын үшін қандай да бір мәселенің мән-жайын түсіну үшін нейрожеліге жүгіну қалыпты жағдайға айналады, – деді Ғазиз Әбішев.
Оның пікірінше, жасанды интеллект қоғамдық пікірталастардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Нейрожелі талқылауды жүйелеуге, ең маңызды дәлелдерді іріктеуге, қосымша айғақтар ұсынуға және негізгі мәселелерге назар аударуға көмектеседі. Бұл – пікірсайысқа дайындалуда да, сараптамалық жұмыста да өте тиімді құрал, – деді саясаттанушы.
Ол мұндай технологиялар саяси партияларға да өз бағдарламаларын саралап, қарсыластарының ұстанымдарын талдауда пайдалы болуы мүмкін екенін айтты. Алайда Ғазиз Әбішевтің сөзінше, жасанды интеллектінің дамуы бірқатар елеулі қауіп-қатерді де қатар алып келеді.
Ең басты мәселе – қоғамның ақпараттық иммунитетін қалыптастыру және мемлекеттің кез келген жалған ақпаратқа ашық, шынайы әрі жедел жауап беруге дайын болуы. Жалған ақпараттың ондаған түрін ойлап табуға болады. Бірақ егер шындық дер кезінде әрі ашық айтылса, қоғам да шынайы ақпаратты манипуляциядан әлдеқайда тез ажырата алады, – деді сарапшы.
Саясаттанушының пікірінше, жалған ақпаратпен күресте тек тыйым салу жеткіліксіз.
Ақпараттық иммунитетті тек шектеулер арқылы қалыптастыру мүмкін емес. Қоғамдағы иммунитет адамдардың шындық пен өтірікті өздігінен ажырата білуі арқылы қалыптасады. Сондықтан сыни ойлауды және ақпараттық сауаттылықты дамыту өте маңызды, – деді ол.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселенің бірі – дербестендірілген жасанды интеллект жүйелері арқылы адамның көзқарасына жасырын ықпал ету мүмкіндігі.
Бұрын әлеуметтік желілердегі алгоритмдердің ықпалы туралы айтатынбыз. Енді күн сайын сөйлесетін жеке жасанды интеллект көмекшілері пайда болып жатыр. Болашақта мұндай технологиялар адамдардың көзқарасына байқатпай әсер етуге, тіпті қоғамдық пікірді сырттан басқаруға пайдаланылуы мүмкін, – деді саясаттанушы.
Осыған байланысты ол жасанды интеллект жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізудің халықаралық тәжірибесін зерделеу қажет деп санайды.
Көптеген елде нейрожелілерді мыңдаған түрлі сұрақ арқылы тексеріп, олардың саяси бейтараптығын немесе жасырын ықпал ету тетіктерінің бар-жоғын анықтайтын ұйымдар жұмыс істейді. Мұндай тәжірибелер назар аударуға тұрарлық және технологияларға деген сенімді арттырудың тиімді құралдарының бірі бола алады, – деді Ғазиз Әбішев.
Сөз соңында саясаттанушы жасанды интеллект қоғамға жаңа мүмкіндіктер ашатынын, бірақ сонымен бірге азаматтардың ақпараттық мәдениетін көтеруді талап ететінін айтты. Оның пікірінше, фейктерден және қоғамдық пікірді манипуляциялауға бағытталған кез келген әрекеттен қорғанудың ең тиімді жолы – сыни ойлау, ресми ақпараттың ашықтығы және адамдардың болып жатқан оқиғаларды өз бетінше саралай білуі. Алгоритмдерге немесе өзгенің пікіріне ғана сүйенуге болмайды.
Сондай-ақ ол қоғамды қорғауда шешуші рөлді технологияның өзі емес, адамдардың ақпаратты өздігінен талдай алу қабілеті атқаратынын атап өтті.
Ақпараттық сауаттылықты арттыруымыз керек, сыни ойлауды дамытуымыз қажет. Адамдар сыртқы пікірге тәуелді болмай, болып жатқан жағдайды объективті бағалай алуы тиіс. Мен қоғамымыздың зердесіне сенемін және кез келген ақпараттық манипуляциядан қорғайтын ең мықты қалқан дәл осы болады деп есептеймін, – деп түйіндеді саясаттанушы.