Жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық экономиканы қалыптастыру және адами капиталдың сапасын арттыру – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың маңызды бағыттары. Бұл ретте жоғары оқу орындарына жаңа технологияларды білім беру мен ғылыми зерттеулерге тиімді енгізу міндеті жүктеледі. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ассистент-профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мейіргүл Жетпісбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның пікірінше, жасанды интеллект экономиканың, ғылым мен білімнің және мемлекеттік басқарудың сипатын өзгертіп жатыр. Сондықтан Қазақстан үшін технологиялық өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды.
Фото: спикердің жеке мұрағатынан
Жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі, ең алдымен, адами капиталдың сапасына, ғылыми ізденістердің нәтижелілігіне және жаңа технологияларды меңгерген мамандардың кәсіби деңгейіне байланысты болады, – деді ол.
Мейіргүл Жетпісбаева жоғары оқу орындары студенттерге теориялық білім берумен шектелмей, олардың цифрлық сауаттылығын, зерттеушілік қабілетін және сыни ойлау дағдыларын дамытуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект оқу материалдарын бейімдеуге, ақпаратты талдауға және ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектіні қолдану білім алушының өз бетінше ойлау, іздену және шешім қабылдау қабілетін әлсіретпеуге тиіс. Керісінше, жаңа технологиялар адамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін кеңейтетін құралға айналуы қажет, – деп атап өтті маман.
Сондай-ақ ол академиялық адалдықты сақтау, дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңызын айтты.
Спикер Қазақстан дайын технологияларды тұтынумен шектелмей, отандық ғылыми шешімдер мен ұлттық цифрлық өнімдерді дамытуға басымдық беруі керек деп есептейді. Әсіресе қазақ тіліндегі жасанды интеллект жүйелерін жетілдіру, ұлттық ақпараттық ресурстарды цифрландыру және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу маңызды.
Қазақстан үшін дайын технологияларды тұтынумен шектелмей, өз ғылыми шешімдерін әзірлеу, ұлттық цифрлық өнімдерді қалыптастыру және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу аса маңызды, – деді Мейіргүл Жетпісбаева.
Оның сөзінше, цифрлық технологиялардың игілігі барлық азаматқа қолжетімді болуы керек. Ол үшін өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту, халықтың технологиялық сауаттылығын арттыру және цифрлық теңсіздікті азайту қажет.
Жасанды интеллектінің шынайы құндылығы оның технологиялық мүмкіндіктерімен емес, адам өміріне әкелетін оң өзгерістерімен өлшенуге тиіс, – деп түйіндеді маман.