Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жасанды интеллект елімізде адамдарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Барлығымыз өміріміздің көп саласын жасанды интеллект арқылы реттеуге болатынын білеміз. Жалпы жасанды интеллектінің еңбек нарығы саласына қалай әсер ететінін түсініп отырмыз. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша, ЖИ әлемде 90 млн жұмыс орнын алмастырмақ. Бұл мәлімет бірнеше жылдан бері зерттеліп келеді. Әрине бұл еңбек нарығына әсер етеді, - деді депутат.
Ол бұл мәселені қалай реттеуге болатынына қызығушылық танытты.
Қазақстанда жұмыссыздық мәселесін шын мәнінде Үкімет төмендетіп көрсетіп отыр. Қазақстанда жұмыссыздықтың қазіргі көрсеткіші 12-13 пайыз екенін білеміз. Бұл шамамен 1 млн адам. Ал егер жасанды интеллект кейбір салаларды алмастыратын болса, онда қазіргі жағдай қиындап кетуі мүмкін, - деп түсіндірді Бейсенбаев.
Ол осы жағдайды заңда қарастыру қажеттігін ұсынды.
Еске сала кетейік, Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасы мен оған қатысты заңнамалық түзетулер таныстырылымы өтіп жатыр.