Жасанды интеллект дәуірі: Қазақстанның цифрлық даму жоспары қандай?

11 Қыркүйек 2026, 16:00
АВТОР
 Үкімет 11 Қыркүйек 2026, 16:00
11 Қыркүйек 2026, 16:00
109
Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және адам капиталын дамыту негізгі басымдықтар қатарында айқындалған. Президенттің осы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Үкімет мемлекеттік қызметтер мен телекоммуникацияларды жаңғыртудан бастап, экономика, білім беру және мемлекеттік басқару салаларына ЖИ-ді кеңінен енгізуге дейінгі жаңа цифрлық ортаны дәйекті түрде қалыптастырып келеді.

2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan стратегиясы жүзеге асырылуда

Құжат мемлекеттің және экономиканың негізгі салаларының цифрлық трансформациясын айқындайды. 2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің кемінде 40%-ын ЖИ және автоматтандыруды қолдана отырып өзгерту жоспарлануда, ал оларды алу және әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну уақытын кемінде 50%-ға қысқарту жоспарлануда.

Ұлттық ЖИ платформасының ассистенттері 2 млн-нан астам рет пайдаланылды

Мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы цифрлық форматта қолжетімді. EGov GPT арқылы ең көп сұранысқа ие 51 қызмет қол жетімді болды, бұл азаматтардың өтініштерінің шамамен 30%-ын құрайды. 50-ден астам ЖИ-агенттері әзірленуде.

Қазақстан өзінің есептеу инфрақұрылымын дамытып жатыр

Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері 2025 жылғы деректер бойынша әлемдік TOP500 рейтингінде 86-орынға ие болды. Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы аясында 500 МВт-тан астам ықтимал сұраныс қалыптасты, ал мақсатты қуат 1 ГВт-қа дейін жетеді. Халықаралық келіссөздердің қорытындысы бойынша Firebird компаниясымен $10 млрд көлемінде келісім жасалды.

Жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау ауқымы кеңейтілуде

15 мың мемлекеттік қызметкер Жасанды интеллект ұлттық платформасымен жұмыс істеу бойынша офлайн оқудан өтті, тағы 57 мыңы AI Qyzmet бағдарламасы бойынша білім алды, ал әкімдіктердің 24 мыңнан астам қызметкері онлайн оқудан өтті. OpenAI компаниясымен серіктестік аясында Қазақстанның 200 мың мұғаліміне ChatGPT Edu жүйесіне қолжетімділік берілді.

Astana Hub экожүйесінде 2,5 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Қатысушы компаниялардың түсімі $907 млн-ға жетті, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның IT-қызметтер экспорты $241,2 млн-ды құрады. Халықаралық хабтар арқылы 100-ден астам қазақстандық стартап шетелдік нарықтарға шықты. 2025 жылы Қазақстанда алғашқы технологиялық «сыңар мүйіз» – Higgsfield.ai пайда болды.

3 мыңнан астам ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жоспарлануда

Соңғы үш жылда телекоммуникация саласына салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асты. Тіркелген байланыс абоненттерінің саны 19%-ға, ұялы байланыс абоненттерінің саны 12%-ға, ал интернет-трафик көлемі 67%-ға өсті. Ауылдарды заманауи мобильді байланыс стандарттарымен қамту деңгейі едәуір артты: 3G базалық қамтуы бар елді мекендер саны бес еседен астамға азайып, 550-ге дейін төмендеді.

«Батыс – Шығыс» гипермагистралінің 2,5 мың шақырымнан астамы тартылды

Ақтау – Қорғас бағытындағы талшықты-оптикалық желінің жалпы ұзындығы шамамен 4,5 мың шақырымды құрайды. Оны іске қосу 2026 жылдың соңына жоспарланған. Магистраль бұлтты сервистерді, жасанды интеллектіні, телемедицинаны, EdTech-ті, финтехті және өнеркәсіптік заттар интернетін дамытуға негіз болады.

Заңнаманы, мемлекеттік платформаларды, жасанды интеллект инфрақұрылымын, телекоммуникациялар мен кадрлық әлеуетті дамыту бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалыптастырады. Digital Qazaqstan стратегиясы, Ұлттық жасанды интеллект платформасы және Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы Қазақстанның Орталық Еуразиядағы технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға тиіс.

Қазақстанның цифрлық трансформациясының негізгі бағыттары туралы – PrimeMinister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыз.

Наверх