Рим Папасы Лео XIII жасанды интеллектті реттеу және оның қауіп-қатерін азайту мәселесіне арналған алғашқы ірі ілімдік құжатында жасанды интеллектіні «қарусыздандыру» қажеттігін мәлімдеді.
ВВС-дің жазуынша, Ватиканда ұсынылған энцикликада Рим Папасы жасанды интеллекттің дамуы адамзат үшін жаңа этикалық, әлеуметтік және қауіпсіздік қатерлерін тудыратынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі технологиялар «жаңа цифрлық құлдықтың» пайда болуына жол ашуы мүмкін.
Рим Папасы әсіресе жасанды интеллекттің әскери салада қолданылуына алаңдаушылық білдіріп, оны қару ретінде пайдаланудың салдары ауыр болатынын ескертті.
Ешбір алгоритм соғысты моральдық тұрғыдан ақтай алмайды, – делінген құжатта.
Энцикликада сондай-ақ AI-дың саясатқа әсері, жалған ақпарат таратуы және адамдарды манипуляциялау қаупі де сөз болған. Понтифик бұл жағдайды индустриялық революция кезіндегі адам құқықтары үшін күреспен салыстырады.
Рим Папасы технологияны дамытушыларға арнайы үндеу жасап, әрбір технологиялық шешім адамзатқа деген көзқарасты бейнелейтінін атап өтті.
Ватикан бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін арнайы комиссия құрған. Дегенмен, сарапшылар тез дамып жатқан технологиялар жағдайында мұндай ескертулердің нақты әсері қандай болатыны әлі белгісіз екенін айтады.