Бүгін Астанада жас жол инспекторлары қозғалысына арналған шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі ЖЖИ қозғалысын дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда бұл қозғалыс бүкіл ел бойынша 70 мыңнан астам оқушыны қамтып отыр.

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, қозғалыстың басты мақсаты – балалардың жол-көлік оқиғаларынан зардап шегу деңгейін төмендету.
Балалар жолда жүру ережелерін интерактивті және ойын түрінде меңгеріп, жауапкершілік сезімін дамытады, сонымен қатар өз қатарластары арасында қауіпсіз жол жүріс мәдениетін насихаттаушыларға айналады.

Қозғалысқа 5-8 сынып оқушылары, кейде бастауыш сынып немесе жоғары сынып оқушылары да қатысады. Жұмыс мектептер базасында, мұғалімдердің, мектеп инспекторлары мен полиция қызметкерлерінің қолдауымен жүргізіледі.

Дүние жүзінде балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті. Еуропа елдерінде Еуропалық көлік қауіпсіздігі кеңесінің деректері бойынша, жылына 100 000 балаға шаққанда 2-ден кем бала жол-көлік оқиғаларынан көз жұмады. Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, тек төрт айдың ішінде жол апаттарынан 68 бала қаза тапты. Бұл — орны толмас шығын. Біз балаларымыздың өмірін сақтау үшін бар күшімізді салуымыз керек. Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Ішкі істер министрлігі биылғы жылды Профилактика жылы деп жариялап, балаларды жолда жүру ережелеріне үйрету жұмысын күшейтті. Қазірдің өзінде ел бойынша түрлі байқаулар мен сабақтар өткізіліп жатыр, бұл арқылы әр бала жол ережелерін білуі тиіс», – деп атап өтті ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.