Жас ұрпаққа тәуелсіз тарихи сана қалыптастырып беруіміз керек – алаштанушы

31 Мамыр 2023, 10:15
799
Бөлісу:
Жас ұрпаққа тәуелсіз тарихи сана қалыптастырып беруіміз керек – алаштанушы
Фото: BAQ.KZ

Осыдан үш жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тарихымызда зобалаң жылдары опат болған, жазықсыз қудалаудан құрбан болғандардың есімін ақтап, ел есінде қалдыру жолға қойылған еді, деп хабарлайды осы облыстың BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Осы мақсатта құрылған комиссияның құрамында он бір жұмыс тобы үш жыл ішінде қазақ халқының ауыр да зұлматты жылдарында көз жұмған, жер ауып көшіп кетуге мәжбүр болған талай ақтаңдақтардың дерегін тауып, ақтау тізіміне қосып жатыр. Архив пен музейлерден табылып жатқан деректердің негізінде көптеген құнды жинақтар басылып шықты. Біздің Түркістан облысындағы аталған қуғын-сүргін құрбандарын іздестіру, ақтау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? 2020 жылдан бері қарай қандай іс-шаралар жасалынды? Осы туралы мағлұмат алмақ болып біз Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Тұрсын Хазретәлі мырзамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Хазретәлі Маханұлы, 31 мамыр датасына қазақ халқы қалай көңіл бөліп жатыр?

– 31 мамырдың 1997 жылдан бері саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып аталып өтіп келе жатқанына біраз уақыт болды. Бұрын бұл күн тек соның қарсаңында ғана атап өтіліп, басқа кезде көп еске алына бермейтін іс-шара екені жасырын емес еді. 2020 жылдың қараша айында жарық көрген ел Президентінің Жарлығынан соң сол біз қиын-қыстау жылдары құрбан болған ақтаңдақтарды зерттеп, оларды ақтау үлкен бағдарламаға айналды. Енді тек ғылыми зерттеу, іздестіру жұмыстарына ғана емес, сонымен бірге мәдени көпшілік шараларға да араластырылды. Соңғы үш жылдың көлемінде бұл шара бір күндік немесе апталық емес, жыл бойы үнемі осындай шаралар өтетін болып орнығып келе жатыр, бұл дұрыс. Алдағы уақытта одан әрі қарай жалғасын табады деген ойдамын. Мысалы, биылдың өзінде Түркістан облысында бұл шараны жыл басынан бері қарай өткізіп келе жатырмыз. Айталық, жұмыс тобының мүшелері, аймақтағы қоғамдық даму басқармасы мен басқа да мүдделі мекемелемер атсалысып жатыр.

– 31 мамыр күнінің идеологиясы өміршең, келер ұрпақ қастерлейтіндей етіп қандай концепция жасауға болады?

– 31 мамыр күні бұл мемлекеттік деңгейде арнайы аталып өтетін күн болып белгіленген. Бұл күннің саяси-әлеуметтік, рухани мәдени маңызы зор. Бұл біздің ұлттық идеологиямызды қалыптастырудың басты бір факторларының бірі. Неліктен ойлай дейміз? Өйткені, біз тарихи сана қалыптастыруымыз керек. Қазақстанда алғаш рет тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданған. Осы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасының өзінде ұлттық идеология қалыптастыру мәселесі көтерілген. Міне, сол себепті бұл саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алудың маңызы өте зор. Жас ұрпаққа тәуелсіз тарихи сана қалыптастырып беру өткір тұрған мәселе. Ол қандай тәуелсіз сана? Бұл тәуелсіз тарихи сана деген – десоветизация, департизация яғни партиясыздандыруды жасау, бұл жұмыстар әлі аяқталған жоқ. Оның үстіне неше жыл кеңестік пен оның алдында отаршылдық идеологиясының салдарынан қазақ халқының өршіл рухы, ұлттық мені жойылып кетуге шақ қалған. Сондықтан да, мен қазақ деген азат елдің азаматымын, менің тарихым мынадай дейтін ұлттық өр рух пайда болуы керек. Саяси қуғын-сүргін процесі – қазаққа қарсы жасалынған саясат. Осыны біз зерттеулерімізде ашамыз және оны ілгері дамытып келе жатырмыз. Бұл мәселе ұлттық идеология қалыптастыру үшін керек нәрсе. Жалпы, тарихтың бес функциясы бар, соның ішінде ең үлкен функцияларының бірі – тарих ғылымы мен саяси идеологиялық ғылым. Біз осы ғылыми зерттеулеріміз арқылы елімізде идеологиялық шараларды іске асырамыз. Екінші бір функциясы, ол тәрбиелік мақсат және осылай жылжып кете береді. Демек, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу алдағы уақытта талай жылдар бойы халықтың тарихи санасын орнықтыруға қызмет ете беретін функция болмақ.

– Комиссия мүшесі ретінде қандай жаңалықтар ашып, не үлес қоса алдыңыз?

– Бізде Түркістан өңірлік комиссиясында қырықтан астам маман бар, әрқайсысы әр саланың мамандары. Одан бөлек, комиссияның жанында жұмысшы тобының елу шақты мүшесі бар, олардың ішінде университеттің ғалымдары, архивариустер, музей қызметкерлері мен журналистер бірнеше бағытпен жұмыс жасап келеді. Жұмыстар әрі қарай жалғасып жатыр, екі жылғы жұмыстың қорытындысы ретінде 8 жинақ шығардық. Оның біреуі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға ұсынылған дайын тізімді жарияладық. Онда ашаршылыққа, отырықшыландыруға, жер ауа көшуге, дүние-мүлік себебінен қуғындалғандарға арналған жинақтар жарыққа шықты. Комиссия мүшелерінің ішінде әрқайсысының өзінің бағыттары бар. Мен өзіме келер болсам ауа көшуге байланысты бағытты таңдап алдым және осы жұмыс тобының жетекшісімін. Осыған байланысты Түркістан облысы мен Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Ауғанстан, Түркияға ауа көшкен деректерді жинақтадық, бұл жөнінде биыл қорытынды жасаймыз. Бұл бағыт бұған дейін зерттелген жоқ. Ауа көшу жөнінде қытай бағыты мен ресей бағыты аз-маз зерттелді. Ал Орта Азия мен шетелдерге ауа көшкен қазақтар туралы деректер жоқ еді. Біздің ашқан жаңалығымыз, мысалы Тәжікстанның төрт архивінде он күндей болып, жұмыс жасадық. Сол кезде аңғарғанымыз, Тәжікстанда 1930-1934 жылдары сексен мыңның үстінде қазақтар ауа көшкен және сонда қызмет жасаған. Олар ауып көшіп, сандалып жүрген халық емес. Олар Тәжікстанның халық шаруашылығы мен мәдени, әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге орасан зор үлес қосқан. Енді ресми деректерде Тәжікстанда және оның аумағында мекендеген қазақтардың саны 10-12 мыңның төңірегінде болған екен. 1926 жылғы санақта 10 мың болса, 1939 жылғы санақта 12 мың, ал 1959 жылғы санақта тағы да 12 мыңды көрсетіп тұр, не өспейді, не өшпейді. Бұл жерде ресми статистика мен нақты ғылыми деректердің арасында үлкен айырмашылықтар бар. Біз осы Тәжікстанның архивтерін және Ресейдің мемлекеттік архивінен, республикалық орталық архивпен және өзіміздің оңтүстік архивтен алған материалдардың барлығын жинақтап І том етіп шығардық. Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстанға ауа көшіп, одан әрі қарай шетелге асып кеткен қазақтар бар. Міне осылардың ұрпақтары елге қайтадан көшіп келді. Соның ішінде көбі Түркістан төңірегіне қайтадан оралды. Біз осылардан жеке-жеке сұхбат алып, солардың естеліктерін де қоса жарияладық. Бұл да біздің тақырыбымызға жақсы деректер болды.

– Біздің оңтүстік өлкесінен қанша ақтаңдақ боздақтар зардап шегіпті?

– Түркістан облысынан шыққан алаш зиялылары мен репрессия туралы деректер көп. Бір айтып кететін нәрсеміз, қазір сол саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімін анықтау жөнінде арнайы жұмыс тобы 6 мыңнан астам адамның тізімін саяси құқықтық тұрғыда ақтауға ұсынды. Бұлар бұрын ақталмаған тұлғалар. Бұл тізім жылдың аяғына дейін әлі де өсетін болады. Бұлардың арасында жай қарапайым шаруалар да, жасы кәмелетке толмаған жас балалар да, еңкейген кәрілер де бар. Категория өте алуан түрлі. Сондықтан бұл тізім әрі қарай жалғаса береді.

– Алаштанушылар көп. Сіздің зерттеуіңіз несімен ерекше, құндылығы неде?

– Алаш қозғалысына байланысты біз былтыр облыстық жинаққа «Түркістандық алаш қайраткерлері» деген тақырыппен құжаттар жинағын шығарған болатынбыз. Биыл республикалық он томдық «Алаш қозғалысы» деген жинақ шығайын деп жатыр. Осы серияға «Алаш қозғалысының Түркістан қанаты» деген тақырыппенен 450 беттік құжатты материалдар жинағын ұсынып отырмыз. Айтайын деп отырған мәселеміз мынау, Түркістан өңірі дегенде жалғыз Түркістан облысы ғана емес, біз Орталық Азия мәселелерін де қамтимыз. Сондықтан да Алаш қозғалысының батыс бөлімі, шығыс бөлімі, орталық бөлімі деп айтылатын болса, Түркістан өлкесінде ондай бөлім болған жоқ, бірақ Түркістан қанаты болды. Осы мәселені біз құжаттық тұрғыда жинап теріп қойдық. Мұның ішінде Мәскеудің Ресей мемлекеттік әлеуметтік-саяси тарихы архивінен (РГАСПИ) табылған құжаттар бар, сонымен бірге республикалық Президент архиві қорларынан алынған құжаттар бар, облыстық полиция департаменттерінің арнайы архивтерінен алынған құжаттар бар, бұл құжаттардың көпшілігі бұрын айналымға шықпаған. Осы құжаттар біздің тікелей қатысуымызбен жинақталып ұсынылды.

– Түркістан облысынан шыққан репрессия құрбандары, алаш зиялылары туралы қандай тың деректер таба алдыңыз?

– Алты мыңның үстінде адам ұсынып отырмыз дедім ғой. Дегенмен, сол ашаршылықтан қанша адам құрбан болды, ауа көшуден және аурудан қанша адам өлді, бұлардың нақты санын айта алмайды екенбіз. Өйткені нақты санын айту өте қиын. Неге десеңіз, олардың өлімі тағы басқалай қиындықтары ешқандай құжатталмаған, архивке өткізілмеген, оның есесіне құқықтық тұрғыда қуғынға ұшырап, сотталып, жер аударылып кеткендердің құжаттары құжатталған. Осы құжатталған тізім бойынша біз қанша адамның ресми түрде қуғындалып, қуғын-сүргінге ұшырағандарын нақты айта аламыз. Енді мұның арасында жаңағы біз айтып отырған соттың немесе үкімсіз атылғандары да бар. Олардың санын тек болжаммен айта аламыз.

– Тарихты зерттеу қуғын-сүргін құрбандарын ақтау барысы сізге не ұқтырды?

– Алаштану ғылыми бағыт, жеке ғылым емес. Сондықтан алаштануға ғылымның барлық саласы тарихшылар да, әдебиетшілер де, тілшілер де қоғамтанушылар барлығы да араласа береді, бұл мәселеге байланысты барлығы да өз сөздерін айтады. Негізі алаштанушылардың көп болғаны жақсы, өз басым оны дұрыс көрем, өйткені алаш тарихы біздің тәуелсіз рухымыздың тарихы. Ол кеңестік идеологияның түп тамырын жойып, санадан өшіріп, өзіміздің нағыз дәстүрлі ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын тарих. Алаш – сондай қозғалыс. Алаштанушылардың барлығы бірдей қайталай бермейді, көпшілігінің жекелеген тақырыптары мен жекелеген концепциялары бар. Мен тарихшы ретінде алаштануға тұлға тану арқылы келдім. Менің алаштануға байланысты зерттеуімнің басты ерекшелігі – Алаш қозғалысының Түркістан қанаты деген ғылыми концепцияны тұжырымдап, осыны негіздедім. Түркістан өлкесіндегі Ташкент қаласында Алаш қозғалысының Түркістан қанаты 1917 жылдан ұлттық межелеуге дейін 1924 жылға дейін жартылай жасырын, жартылай жария түрде жұмыс істеген. Менің жаңалығым мен ерекшеленетін тұсым осы ғана.

– Біздің жастарға Міржақып, Әлихан, Мағжан т.б. үлгі бола алатын қазіргі зиялы қауым бар ма? Болмаса неге жоқ деп ойлайсыз?

– Жалпы, тұлға тануда бір ерекшелік бар. Тұлға тану – ол қоғамдық-саяси шығармашылық қызметіне қарай жекелеген бір тарихи тұлға. Оны қоғамда жастарды тәрбиелеуге, модуль ретінде үлгіге алуға оларды идеалдандырады. Кеңестік кезеңде өздеріңіз білесіздер, Павел Морозовтан бастап қаншама жеке тұлғалар идеалға айналдырылды. Кеңес заманында біздің ұлттық зиялыларымыз да көп болды ғой, мәселен қызыл сұңқарлар, қызыл жебелер деген сияқты. Ал қазір енді қоғам мен заман өзгерді, сол өзгеріске қарай адамдар да, оның тәрбие санасы да, құндылықтары да өзгереді. Бүгінгі біздің Тәуелсіз Қазақстанның жағдайында жаңағы идеалдардың ешқайсысы кәдеге жарамай қалды. Біздің қазіргі идеалдарымыз Отаным, елім, халқым, ұлтым, тілім, жерім деп осы бағытта қызмет жасаған күрескерлер. Жаңағы өзің сұраған Міржақып, Әлихан, Мағжан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қайраткерлер тарихи тұлға ретінде идеалға айналдырылып отыр. Ал бүгінгі Қазақстанның Тәуелсіз саяси шығармашылық, әкімшілік бизнес элитасы бар. Осы элитаның арасында бізге жастарға идеал болатын тұлғалар бар ма? Тұлғалар жоқ емес, бар. Сен алтынның өндірісін білесің бе? Алтын деген шашырап жатады екен. Бір тонна рудадан бес грамм алтын шығатын болса соның өзі жеткілікті. Міне, біздің жаңағы айтып отырған қазақ саяси-әлеуметтік мәдени элитасының арасы үлкен кен орны сияқты. Осы кеннің ішінен алтынды ол бір мысқал болар, бес мысқал болар, соны ажыратып алуымыз керек. Ал ажыратып алу үшін оның өлшемдері керек. Өлшемдері қалай пайда болады, оны қайтіп енгіземіз? Қазір қоғамда люстрация яғни тазарту жасау керек деп айтылып жатады, бізге ондай радикалды қадамға барудың керегі жоқ. Бізге көшбасшымыз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынып отырған «Жаңа Қазақстан» концепциясын басшылыққа алуымыз қажет. Сөйтіп жаңағы кеннің ішінен керекті алтынды ажыратып алғанымыз сияқты, біз де қоғамға идеал болатын адамдарды айтуымызға болады. Енді тұлғалар көп қой, мысал ретінде барлығының аты-жөндерін айта беруге мүмкіндігің жоқ. Айталық кеше дүниеден өткен Жасарал Қуанышалиннің қызметі қоғамдық-саяси ұлттық мүддеге құрылған адам. Ол неге жастар үшін идеал болмасқа? Осындай азаматтар көп, соларды таңдап алу керек.

Өзгелердің жаңалығы