Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахимов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің 210 түлегі мемлекеттік емтихандар мен ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды.
Мемлекеттік емтихандар барысында олар эссе, алгебра бойынша бақылау жұмысын жазды, сондай-ақ Қазақстан тарихын, мемлекеттік немесе орыс тілдерінен тестілеуден өтті.
Емтихандармен қатар, оқушылар ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің алғашқы мүмкіндігін қолданды. Биыл алғаш рет ол офлайн-форматта өтуде, түлектерге екі рет тест тапсыруға мүмкіндік берілді.
Әскери мектеп оқушыларының көпшілігі 100 балл жинап, шекті деңгейден өтті. Үздік нәтижені 131 балл алған ұлан Мағжан Серікбай көрсетті. Ол алдағы уақытта Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты болғысы келеді екен.
Мен тестілеуге қызу дайындалдым, сондықтан жақсы балл жинадым. Әрине, толқулар болды. Бірақ мен өзімді қолға алып, біз үшін алаңдап, үлкен үміт артқан туыстарымды, оқытушыларым мен командирлердің сенімін ақтауға барынша тырыстым, – деп бөлісті түлек.
Тест нәтижелері балаларды дайындауға жауапкершілікпен қарайтын мектептің басшылық және оқытушылар құрамының кәсібилігін тағы да растады.
«Жас ұлан» түлектері Қарулы Күштердің жоғары әскери оқу орындарына, сондай-ақ басқа да ведомстволардың жоғары оқу орындарына, оның ішінде шетелдерге түсуге ниетті.
Әскери мектеп қабырғасында оқыған жастар екі жыл ішінде дене бітімін нығайтып, жауапкершілікті және тәртіпті болуды үйренді, әскери істің қыр-сырын игерді. Барлық емтихандар мен тестілерді аяқтағаннан кейін оларға жалпы орта білім туралы аттестаттар беріледі, - деп хабарлады Шымкент гарнизоны баспасөз қызметі.