Сарыөзек гарнизонына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері сарбаз аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина келді. Ол Отан алдында борышын өтеп жүрген жас жауынгерлердің жайымен танысты, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
«Аналар көзімен ұлдарының қызметі» акциясы аясында келген комитет өкілі еліміздің төл әскерінің әл-ауқатын, сондай-ақ, әскери қызметшілермен және олардың тұрмысымен, әскери бөлімдегі жағдайына үңілді.
Сарбаздар анасы сапар барысында әскери бөлімдердің қызметімен танысып, мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан сарбаздармен дидарласты.
Кездесуде Татьяна Тропина қазіргі кездегі аналар комитетінің алға қойған мақсаты мен алдағы атқарар жұмыстары туралы баяндады. Оған қоса ел қауіпсіздігін арттыруда, әскери саланың негізгі жетістігі мен нәтижелері туралы сөз қозғады.
Одан кейін әскерилердің жауынгерлік әзірлігімен, және олардың үй-жайлары, тұрмыс-тіршілігімен жақын танысты. Сонымен қатар, бөлімнің жеке құрамның жабдықтарын қарап өтті. Тұрмыстық үй-жайлары мен емдеу бөлмелері бар әскери лазаретті аралап, проблемалық сұрақтарына көңіл аударды.
Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы, майор Абзал Сартаев айтуынша, бөлімдегі әйел әскери қызметшілер ерлермен қатар белсене еңбек етіп жатыр. Келген қонақтар олардың жұмысына тәнті болған.
Өз кезегінде гарнизон бастығы подполковник Даулет Секенов аналар комитетіне бөлімнің қазіргі жағдайы мен әскери қызметшілердің ел қорғаудағы атқарылып жатқан қызметтері туралы егжей-тегжейлі баяндап, ешқандай түйткіл жоқтығын тілге тиек етті.
Кездесу соңында, қонақтар сарбаздар асханасына барып тағамның нормаларын көріп, сарбаздардың тамақтану тәртібіне назар салды.
Бүгін біз осы гарнизондағы әскери бөлімдердегі қызмет етіп жүрген мерзімді сарбаздардың тұрмыс-жағдайымен жақын танысып, өз көзімізбен көрдік. Бұл жердегі жағдайды жоғары бағалаймын. Себебі сарбаздардың жататын жерлері жылы, әрі онда тазалық үнемі сақталатыны көрініп тұр. Қазіргі уақытта сарбаздардың ата-аналарымен тығыз байланыстамыз. Олар балаларының әскерде жүріп, қару-жарақы меңгеріп, шымыр болуға үйретіп жүрген әскери қызметшілерге алғыстарын білдіруде. Отан қорғау саласында жүрген барлық әскерилердің қызметтеріне сәттілік тілеймін, деді сарбаздар аналары комитетінің өкілі Татьяна Тропина.