Бұл туралы Синегерия университетінің қазақстандық өкілдігінің бас директоры Бауыржан Қасымбергебаев «Рухтастар cases» диалог алаңында өткен жиында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жастарға ақыл айтып, үйреткенше, қашан да өз ісіңмен үлгі болу маңыздырақ.
Жастарға ақыл айтқаннан гөрі, өмірде қандай да бір жетістікке жеткен адамдармен кездесулер өткізіп, оларды үлгі етудің маңызы зор. Олардың да (жетістікке жеткен азаматтар – ред.) ет пен сүйектен жаралған адам екенін көрген соң ұрпақтарымыз да сондай болуға ұмтылады. Дамып, алға қарай басуға жол ашады. Осындай кездесудегі 500-600 адамның ішінен тым болмағанда 5-6 адамның ойын өзгертіп, кітап оқып, тіл үйренуіне, шабыт алуына ықпал ете алсақ, соның өзі бір ғанибет, - деп атап өтті Бауыржан Қасымбергебаев.
Сонымен қатар ол елімізде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсетіліп отырғанын басып айтты.
Мемлекетімізде дамимын, кәсіпті қолға аламын дегендерге, соның ішінде жастарға үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Мәселен, 2,5%-бен несиенің жас кәсіпкерлердің жобасын іске асыруына бөлінуі. Мұндай қолдау Орта Азияда жоқтың қасы, - деді кәсіпкер.
Кездесу барысында меценат, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қасымбергебаев өзі жүріп өткен жолдан мысалдар келтірді.