Алматы, BAQ.KZ. Қайырымды істер эстафетасы аясында жас кәсіпкер Алматы қаласындағы ХҚКО-ға құны 5 миллион теңге тұратын тепловизионды камераны сыйға тартты.
Аппарат адамға жанасусыз, бір мезгілде 1-ден 2,5 метрге дейінгі қашықтықта 30 адамның дене қызуын өлшейді және бет пердесіз тұрғандарды анықтай алады.Әлемдік пандемия кезінде ел Президенті барлық кәсіпкерлерді өз отандастарына барынша қолдау көрсетуге және көмек көрсетуге шақырғаны белгілі. Бұл жай көптеген адамдарды бей-жай қалдырмады.
Бұл идеяны қиын кезеңде бір-біріне жанашырлық таныту, қамқор болу, бірлікті сақтау парызымыз деп білетін волонтерлік, қайырымдылық және басқа да ұйымдар, жеке кәсіпкерлер қолдады.
Олардың бірі, қиын кезеңде жақсы істі қолға алған алматылық жас кәсіпкер Айдар Жақыпов болды. Ол Алматы облысының Тұздыбастау ауылының 50 көпбалалы отбасына қаржылай көмек көрсетті. Бұл істі жақсы дәстүрге айналдырып, өз эстафетасын достарына,бизнесмендерге жолдады. Нәтижесінде оны қолдаған достары эстафетаны жалғастырып, қайырымдылық істер жасады, көптеген аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетті. Қайырымды істер эстафетасы аясында Айдарды қолдаған "Интант" компаниясы, дене қызуын өлшейтін, инновациялық 5 тепловизионды камерасын ұсынған болатын. Айдар оның бірін Алматы қаласының ХҚО-ға сыйға тартты.
Бізге Айдар осындай бірегей аппаратты тегін ұсынды. Оның үстіне, бұл әлемдік инновациялық өнімдер өндірудегі әлемдік жетекші "Hikvision" компаниясының өнімі екен. Вирусты жұқтырудың негізгі симптомдарының бірі жоғары температура болып табылатыны белгілі. Демек, жоғары температура дәлдігі бар тепловизионды камера алдын ала тексеру жүргізу үшін дененің жоғары температурасын анықтай алады. Біз аппаратты қуана қабылдап, Медеу ХҚО-на қойдық. Осындай игі ісі үшін Айдар Жақыповқа алғысымызды білдіреміз. Осыған дейін ол өзі басқаратын бактерицидті шамдар шығаратын компаниясының өнімімен Медеу ауданындағы ХҚО кабинетін жабдықтап берген еді. Біз шын жүректен қуаныштымыз, - дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.
Мен қазақ халқының шынайы перзенті ретінде халқыма жақсылық жасағым келеді. Медеу фронт-офисіне сыйға тартқан тепловизионды камера әр адамның температурасын бір секунд ішінде анықтай алады. Осылайша, температураны тексеру қажет учаскеден өту кезінде кептелістер болмайды. Адамның жанасуынсыз температурасын 1-ден 2,5 метрге дейінгі қашықтықтан өлшейді және бір мезетте 30 адамның қызуын өлшей алады. Жоғары қызуы бар адамды, бетпердесіз адамды анықтап, дыбыстық дабыл береді. Менің ойымша, бұл аппарат көбірек пайдалы әрі жұқтыру қаупі аз. Барлық адамдарды қиын сәтте бір-біріне көмектесуге және қолдауға шақырғым келеді. Қайырымдылық жасауды, қамқорлық көрсетуді және басқаларды қуантуды тоқтатпаңыздар, - дейді жас меценат Айдар Жақыпов.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары өз жұмысын әлі бастаған жоқ.
ХҚО-лар азаматтарға мемлекеттік қызметтерді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері тиісті шешім қабылдағаннан кейін ғана көрсете бастайды.