Жас ғалымдарға мүмкіндіктер көп

19 Қазан 2022, 12:30
1459
Бөлісу:
Жас ғалымдарға мүмкіндіктер көп

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, Жас ғалымдар мен үздік білім алушылар форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форум барысында География және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушысы, PhD кандидаты, коммерцияландыру бойынша жобаларды орындаушы Елдар Нұрұлы «Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтары» атты жобасының нәтижелерін коммерцияландыру тәжірибесін бөлісті.

Бұл жобаның миссиясы – ішкі туризмді дамыту арқылы ел экономикасын әртараптандыру және Қазақстанның туристік бағыттары туралы ақпаратты шоғырландыру. Біз бұл мәселелерді цифрлық технологияларды, атап айтқанда: мобильді қосымшаларды, панорамалық 3D виртуалды турларды, QR-кодтарды, интерактивті карталарды генерациялауды пайдалана отырып жүзеге асырамыз, – деді ол.

Жиында сөз алған биология және биотехнология факультетінің «Жас ғалым» постдокторанты Әйгерім Мамырова «Жас ғалымдар: өсу және өзін-өзі жетілдіру мүмкіндіктері» тақырыбын қаузады. Ол көптеген ұлы ғалымдар үшін ғылымға жол жас кезінен басталғанын тілге тиек етті. Томас Эдисон 30 жасында фонограф ойлап тапты, ал Альберт Эйнштейн 26 жасында салыстырмалылық теориясын ашқанын мысалға алды.

Қазақстандық жастардың қазір үлкен мүмкіндіктері бар – «Жас ғалым» және Erasmus Mundus бағдарламалары, «Болашақ», «Абай Верн» стипендиялары және тағы басқа қолдаулар бар. Жас зерттеушілерден табандылық пен қайсарлық, ғылыми конференцияларға белсенді қатысу, жеке брендті нығайту және жақсы нәтижелерге қол жеткізуге көмектесетін басқа да іс-әрекеттер қажет, – деді Әйгерім.

ҚазҰУ-дың «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Аружан Қабдолова өз сөзінде адамның өмірін ұзартуға, денсаулығын бақылауға және жақсартуға, қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылымның рөлін жоғары бағалады. Ең бастысы – ғылым өмірге жаңа серпін беретінін айтты. Ғылыми жетістіктер ҚазҰУ-дың тыныс-тіршілігін қалай өзгерткеніне назар аудара отырып, Аружан:

 Мен біздің жастарымыз, әрбір жас маманның қазіргі және жарқын болашағымыздан шабыт алып, ғылымға шығармашылық қызығушылық танытқанын және өз саласында жұмыс істегенін қалаймын, – деді ол.

Сонымен қатар жиында химия және химиялық технология факультетінің PhD докторанты Федор Мальчик, «Халықаралық қатынастар (РУДН)» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Айдана Тоқберген пікір білдіріп, өз ұсыныстарын бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы