Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Экономиканың маңызды салалары бойынша кәсіби мамандар даярлау жұмысын күшейту керек. Ғылыми жаңалықтың бәрі ғалымдардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Кез келген жетістік, ең әуелі, адамға, яғни адам капиталына тікелей байланысты. Сондықтан жас ғалымдарды жан-жақты қолдау қажет. Грант арқылы жүзеге асырылатын жобалардың үштен бірі жас ғалымдарға тиесілі. Әрине, мұндай жобалардың санынан гөрі, сапасы маңызды. Жыл сайын жас ғалымдарға байқаулар арқылы берілетін гранттың қаржы көлемін арттыру керек, - деді Президент.
Оның айтуынша, қазір жас ғалымдарымыз әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында стажировкадан өте алады. Бұл – жақсы үрдіс. Оны жалғастыра беру қажет.
Менің тапсырмаммен жүзеге асырылып жатқан «Жас ғалым» бағдарламасының тиімді екенін көріп отырмыз. Оның ауқымын кеңейту керек. Яғни оған ғылыми институттарда және ұйымдарда жұмыс істейтін жас мамандарды қосуға болады. Сондай-ақ ғалымдарға докторантурадан кейін шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік беру қажет. Олардың зерттеу жұмысымен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Ғалымдар лайықты стипендия алуға тиіс. Шетелде тәжірибеден өткен азаматтардың ішінде докторанттардың үлесі – небәрі 1,6 пайыз. Бұл – өте аз. Үкімет олардың қатарын көбейту үшін нақты шаралар қабылдауы қажет, - деді Тоқаев.