Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов жастарымызды азғырып, болашағын ойран еткен синтетикалық есірткі мәселесі елімізде барынша күрделеніп келе жатқанын айтты.
Ол өзінің депутаттық сауалын Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдады.
Осыдан он шақты жыл бұрын «меф, кристалл, скорость, соль» деген түрлі атаумен нарыққа енген, сананы улаған синтетика жас ұрақтың өмірін азапқа айналдырып келеді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы ерекше назар аударып, Үкіметке тиісті шараларды қабылдауды тапсырған болатын. Әйтсе де, Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша 2021 жылы синтетикалық есірткі айналымына байланысты 1036 қылмыс тіркеліп, 160 келіден астам психобелсенді заттар, 3,5 тонна прекурсорлар тәркіленіп, 14 есірткі зертханасы жойылғанымен, соңғы үш жылда синтетикалық есірткіге тәуелді жастардың саны 2,5 есеге өскен, - дейді Ахметов.
Айтуынша, оның себебі - жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткі еркін саудада, қолжетімді және арзан. Оған тапсырыс беру әріп танып, Telegram-ның тілін білгенге еш қиындық тудырмайды. Qiwi-әмиян, криптовалюта онлайн төлемдері арқылы тауарды «байланыссыз», бір-бірімен кездеспей саудалау жолға қойылған.
Соңғы кезде «курьер, закладчик» ретінде жасөспірімдерді жұмысқа тарту жиілеуде, олар өздерін заманауи тілмен «кладмен, минер» деп атайды. Әлеуметтік желіде тәжірибені қажет етпейтін, тиімді жұмыс кестесін, жоғары жалақыны, тіпті «мансаптық өсуді» ұсынған хабарламалар самсып тұр. Қазіргі қиын жағдайда тығырыққа тірелген жастарды аптасына 150-200 мың теңгеге дейін табыс табу мүмкіндігі қызықтырмай қоймасы анық. Нәтижесінде «кладмендер мен минерлер» жауапқа тартылып, темір тордың артында отыр, ал есірткі саудалаушылар көлеңкеде қалып, бостандықта жүр, - дейді Мәжілістің ең жас депутаты.
Депутат нашақорлықпен күрес шараларын ұсынды:
- Жастар арасындағы нашақорлық бойынша зерттеу жүргізіп, есірткіге тәуелділердің санын анықтау қажет;
- Құзыретті органдардағы мамандардың біліктілігін арттырып, арнайы заманауи техникамен жабдықтау керек;
- Жасөспірімдер арасындағы жүйелі профилактикалық жұмысты, ведомствоаралық байланысты күшейту маңызды.