Жас бапкер: Шәкірттерімнің жеңісі - менің жеңісім

11 Шілде 2024, 16:10
2510
Бөлісу:
Жас бапкер: Шәкірттерімнің жеңісі - менің жеңісім
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қазақта жақсы сөз бар. Спорт саласында жетістікке жетіп, болашақ чемпиондарды тәрбиелеп жүрген Диас Айымқұловтың іс-әрекеті осы сөзге дәлел. Әлеуметтік желіде көп қаралым жинап, танымал болған видео біраз адамның жүрегін елжіреткені анық. Таеквондодан балаларды тегін жаттықтырып, өз тәжірибесімен бөлісіп жүрген жас бапкердің болашақта жоспары қандай екенін өзімен хабарласып, сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Әлеуметтік желіде видеоңыз көп қаралым жинап, біршама пікір жазылды. Сол жарыс туралы толығырақ айтып берсеңіз.

Иә, ол видеоны тик-ток желісіне мотивация болсын деп жариялаған едім. Көп қаралым жинап, елдің назарын аударады деп ойламадым. Негізі Ақтөбе қаласынын ашық турнирі болып жатқан. Сол жарыста балаларымыз бағын сынап көрді. Жақсы нәтиже көрсетті. Жарысқа қатысқан 9 спортшым да 9 медаль, яғни 4 алтын, 3 күміс, 2 қолаға ие болды.

- Таеквондо спортымен неше жастан бастап айналысасыз? Жетістіктеріңіз қандай?

Бұл спортқа 12 жасымда келдім. Таеквондоға қызығушылығымды оятқан ағайым болды. Бізді жарыстан қалдырмай, барлық жерге мүмкіндігінше алып барып, спорттың жақсы екенін көрсетті. Мен де сол жолды қалыптастырып, өзім жаттықтырып жүрген балаларға көрсеткім келеді. Соның арқасында біраз жетістіктерге де жеттім. Қазақстанның спорт шебері, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының қолы жүлдегері , БАӘ өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдерегі, республикалық турнирлердің жеңімпазы атандым. Шәкірттерімнің бұдан да биік жетістікке жетіп, Олимпиада чемпионы болғанын қалаймын. Осы ретте айта кетейін, ата-ананың балаға қолдауы ерекше. Сондықтан балаларына спортпен айналысуына мұмкіндік беріп, жағдай жасап отырса екен.

Жас бапкер: Шәкірттерімнің жеңісі - менің жеңісім

- Балалармен жұмыс істеу қиын емес пе? Қалай мотивация бересіз?

Барлық жұмыстың өзіндік қиыншылығы бар. Бірақ маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Сондықтан оны қиыншылық деп қабылдамаймын. Балалардан жақсы нәтиже көрген кезде жұмысқа деген шабытым әрі қарай ашыла береді. Ерекше эмоция аламын. Керісінше соларды көріп өзім де мотивация алып жүремін. Ерік-жігер пайда болып, істеп жатқан жұмысымның бекер емес екенін түсінемін.

- Қазір жаттықтырушыдан бөлек немен айналысасыз?

Қ. Жұбанов атындағы университетте дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алып жатырмын. 2-курс студентімін. Оған дейін Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп интернат колледжін ақтадым.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы