Абай-175: "Жас Абай" спектаклінің тұсаукесері өтеді

4 Наурыз 2020, 09:45
3400
Бөлісу:
Абай-175: "Жас Абай" спектаклінің тұсаукесері өтеді

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында 4-5 наурыз күндері Ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай "Жас Абай" спектаклінің тұсаукесері өтеді. Қойылымның режиссері - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманияз.

Режиссер Н.Жұманияздың айтуынша, Абайдың 16-17 жастағы кезі бұған дейін өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Семей театрында музыкалық бағытта қойылған. Соңғы жылдары еліміздің театрларында сахналып жүрген спектакльдер арасында Абайдың жастық кезін бейнелейтін қойылымдар болмаған. 

Абай ғана өз халқын осыншалықты қатты сүйе де, қатты сынайда білген. Менің ойымша, Абай біз үшін әлі де сыры көп, жұмбақ жан. Қанша жыл өтсе де Абайдың ойының тұңғиығына жете алмай келеміз. Ойшылдың айтқаны әлі күнге өміршең, өзекті болып отыр. Одан бері біз тіпті ғарыш әлемін игердік, бірақ қарапайым дүниелерді жете түсінбей келеміз. Абайдың мерейтойы тек той деңгейінде аталып өтпей, біз оның әрбір сөзі мен шығармасын ой елегінен өткізуіміз керек деп ойлаймын, - дейді қойылым режиссері. 
Ұлы ақынның туғанына 175 жыл толуына орай Сәкен театрында сахналанатын спектакль тұнық ойлар мен ерекше көркемдік шешімдерге толы болмақ. 

Спектакльде ұлы Абайдың жас күні бейнелетін болады. Құнанбай ұлы оқудан оралғаннан кейін оған әкімшілік істерге араласуды ұсынады. Осы уақытта жас Абай қайын ата мен келінді жазаға тарту оқиғасына куә болады. Сонымен қатар, қойылымда Абай мен Тоғжанның арасындағы махаббат сезімі де көрсетіледі. Спектакльде біз реализм мен сюрреализм элементтерін бірге қолданамыз. Кейіпкерлер өлең жолдарымен, қара сөзбен де сөйлейтін болады. Спектальді жасауда Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романының бірінші томы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының "Қамар мен Қамқа" поэмасын негізге алдық, - дейді режиссер Нұрлан Жұманияз. 
Қойылымда жас Абайдың рөлін Ахай Жұмамұратұлы пен Азамат Амантай, Құнанбайдың рөлін Бекмұхамбет Киекбев пен Мадияр Қойшығарин, Зеренің рөлін Нұржібек Жансүгірова мен Зылиха Әбдіхалықова, Ұлжанды Гүлнар Базарбаева мен Динара Айғазинова, Тоғжанды Саягүл Ташимбекова, Нұрайым Тезекбаева, Айнұр Асылбековалар сомдайтын болады. 

Ұлы Абайды ойнау әрине қиын. Бұл жерде біз данышпен, есейген Абайды емес, жас Абайды сомдаймыз. Қойылымда оның жастық шағы, әкесінің қасында енді ғана билікке араласу кезеңі көрсетелетін болады. Біз Абайдың өмір мектебінен өткен шақтарын бейнелейтін боламыз, - дейді С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының әртісі Ахай Жұмамұратұлы "Жас Абай" қойылымының премьерасы С.Сейфуллин атындағы өнер ордасында 4-5 наурыз күндері сағат 18.30-ға жоспарланған.


Өзгелердің жаңалығы