Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 73-ші сессиясы өтіп жатыр. Оған әлемнің 194 мүше-мемлекетінің өкілі қатысуда
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Ассамблеяның ашылуында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель, Оңтүстік Корея басшысы Мун Чжэ Ин, сондай-ақ Оңтүстік Африка Республикасы мен Африка елдерінің президенттері сөз сөйледі.
Біз – әлем мемлекеттері дағдарысқа қарсы тұру үшін біріктік. Вируспен күресті жалғастырып жатқандарға қолдау білдіреміз. Бұл қиындықты біріксек қана жеңе аламыз, сол үшін болашаққа үміт артамыз. Әлем бұдан бұрын да пандемиямен бетпе-бет келген. Әйтсе де, коронавирус пандемиясы өте қауіпті. Вирус, өкінішке қарай, тез таралады әрі ем қабылдамаса өлімге әкеледі... Шынында да, ол ормандағы от сияқты. Әлемде 4,5 миллионнан астам COVID-19 оқиғасы тіркелген. Өлім жағдайы - 300 мың. Тұтас отбасылар, қауымдастықтар, ұлттар зардап шегіп жатыр. Әрине бұл жерде ауру туралы ғана емес, өлім туралы, денсаулық сақтау жүйесінің кемшілігі туралы әңгіме айтылып отыр, - деді ДДҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус 73-ші сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы адам ойламаған өзгерістерге алып келді.
Небәрі 6 ай бұрын ғана шулы әрі өмірге толы қалалар бос қалатынын, мейрамханалар жабылып, ғаламдық саяхат тоқтайтынын ешкім ойламаған да еді. Қазір қарапайым қол беріп амандасудың өзі - сіздің өміріңіз үшін қауіпті, - деп ескертті ДДҰ басшысы.
Тедрос Аданом Гебрейесустің сөзінше, коронавирус әсіресе кедей елдерге қатты әсер етуде. Бұл – дағдарыс аясындағы маңызды проблемалардың бірі.
Алты айдан аз уақыт ішінде пандемия бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Барлық елдердің алдында үлкен қиындық тұр. Ірі және кіші, бай және кедей, дамушы елдер, қақтығыс аймағындағы елдер, ең көп зардап шеккен елдер – бәрі де қазір вирус құрсауында. Елді мекендерде өмір сүрген кезде әлеуметтік қашықтықты қалай сақтайсыз, қолыңыз гигиенасын қалай сақтайсыз, таза су жеткілікті ме? Кейбір мемлекеттер елеулі шектеулер мен карантин тәртібін енгізді. Кейбір елдер қиын жағдайға енді дайындалып жатыр. Кейбір елдер әлі де шектеулерді қалай алып тастау керектігін сараптауда. ДДҰ елдердің аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралуын, жұмыс істеуге деген ұмтылысын толығымен қолдайды әрі түсінеді. Біз бәріміз жаһанның тезірек қалпына келуін қалаймыз. Елдерді сақтықпен әрекет етуге шақырамыз. Денсаулық сақтау архитектурасын ескерусіз жылдам жүргізетін елдер үлкен қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін, - деп ескертті ұйымның Бас директоры.