26 ақпанда, түнде Щучинск қаласындағы дәмханалардың бірінде болған жарылыстан адам шығыны болып, бірнеше отбасы орны толмас қасіретке душар болды. Құтқарушылар ғимараттан 8 газ баллонын алып шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімдігі таратқан ақпарат бойынша барлығы 28 адам зардап шеккен. Оның ішінде, өкінішке орай, 7 адам көз жұмған. Арасында 16 жастағы қыз бала бар. 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына жеткізіліп, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына хабарлама түскеннен кейін 5 минут ішінде жеткенін айтады.
Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп жатыр. Әрбір дерек пен болжам мұқият қаралып, апаттың нақты себебі анықталуда.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, оқиға орнына әкімдік өкілдері барып, жағдайды өз бақылауына алған. Тиісті қызметтер жұмылдырылып, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілуде.
Щучинскідегі жағдайға байланысты Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов жарылыстың ауызашар уақытында болмағанын айтты.
Жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар туралы ақпаратты әзірге бере алмаймыз. Ол туралы баспасөз қызметі жариялайды. Қайтыс болғандардың туыстарымен бірге қазір жерлеу рәсіміне дайындық жүріп жатыр, – деді Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов.
Ақмола облысының әкімдігінде «Центр плова» кафесіндегі қайғылы оқиғаға қатысты мәліметтер нақтыланды. Белгілі болғандай, қаза тапқан 7 адамның барлығы да мекеме қызметкерлері (арасында 16 жастағы қыз бар).
Жалпы оқиға кезінде 28 адам болған: оның 15-і – асүй мен зал қызметкерлері, ал 13-і – келушілер. Қазіргі уақытта күйік шалған 13 адам ауруханада жатыр.
Өрт сөндірушілер тілсіз жаудан 5 газ және 2 оттегі баллонын алып шығып, бұдан да ірі жарылыстың алдын алған.
Полиция тұрғын үйдегі газ жарылысы фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Щучинскте кафеде жарылыс болып, 7 адам қаза тауып, зардап шеккен 5 адам Көкшетауға жеткізілді. Сондай-ақ жарылыстан зардап шеккендердің жағдайының белгілі болғанын және қайғылы жағдайға байланысты оқиғаның қалай болғанын жазған едік.
BAQ.KZ редакциясы жағдайды жіті бақылап, ресми ақпараттарды оқырман назарына ұсынуды жалғастырады.