Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысы бойынша биылғы жылдың 6 айында 483 алаяқтық қылмыс тіркелді. Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайтында хабарланды.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ішкі істер органдары қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде бұл қылмыстың 268-і ашылып, қылмыскерлерге қатысты тиісті шаралар қолданылған.
Алаяқтар жәбірленушілерге әлеуметтік жағдайын түзетіп беруге, жұмысқа орналасуына, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындауға, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, кезектен тыс жер, пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен. Олардың сөзіне сенген жәбірленушілер өз жұмыстарын оңай жолмен бітіруге талпынған.
Атап айтар болсақ, қарызға ақша алып қайтармағандар 48, несие алуға көмектесемін дегендер 68, жұмысқа тұрғызамын деген 63, кезектен тыс үй алуға көмектесемін дегендер 67, интернет желісі немесе ұялы телефон арқылы сенімге кіріп, есеп шотына ақша салдырғандар саны 98, тағы басқалары 94-ті құрап отыр.
Жыл басынан бері алаяқтық жасағаны үшін 154 адам ұсталып, 84-не қатысты қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жолданса, 70-не қатысты екі жақтың ымыраласуына байланысты, яғни келтірілген шығын өндіріліп, қылмыстық іс қысқартылған.
Осы қылмыстарды жасаған күдіктілердің 107-ы әйел, 47-і ер азаматтар.