Жаркенттік шаруалар тыңайтқыштың орнына көң төгіп жүр

21 Мамыр 2024, 17:03
516
Бөлісу:
Жаркенттік шаруалар тыңайтқыштың орнына көң төгіп жүр
Фото: автордан

Панфиловтағы суармалы жер толықтай табиғи құнарын жоғалтқан. Дихандар тыңайтқыш төкпей мол өнім ала алмайды. Ал химиялық қуаттағышқа қолы жетпегендер көң төгіп, амалдауға мәжбүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Топырақта тыңайтқыш таңдайды

Табиғи құнарынан айырылған топырақтарға тыңайтқыш бермей іс өңбейді. Себебі қара жер әуелгі иммунитетін жоғалтқаны қашан?!. Оның үстіне ауыспалы егіншіліктің жоқтығынан әрі қара жерге халық тыным бермегендіктен жылдан жылға топырақтың нәрі кеміп, өзгеріске түсуде. Жылдан жылға суармалы жерлер көбейіп, егінге ден қойған шаруалар саны артып келеді. Ең өкініштісі олар, химиялық заттарды көбірек қосып, өнімге күш береді. Бірақ топырақтың табиғи болмысын сақтауға тырыспайды.

Топыраққа қосымша органикалық заттар қажет, олсыз өнім жақсы болмайды. Әр килограммына азот, фосфор, калий секілді тыңайтқыштар дәнді дақылдардың өнімділігін еселейді. Табиғи көң, құс саңғырығы, әртүрлі қордалар да пайдалы. Мәселен, 5 кг пияз 20 кг-ға дейін, қант қызылшасы 30 кг-ға дейін артады. Бірақ қазір 40-50 кг-ға дейін алып жатқандар бар. Бұл үдеріс түбі топырақты тоздырады. Тыңайтқыш беру ирригациялық, агромелиоративтік, агротехникалық шаралармен ұштастыра жүргізілуі шарт. Қазір шаруалар мұны білмейді. Оның үстіне әр фермерге тиесілі топырақтың құрамы әр алуан келеді. Сол себепті қоректік элементтерінің мөлшері жағынан айырмашылық кездеседі, - дейді агрохимих Нұрхат Жантолқынов.

Оның айтуынша тыңайтқышты топырақтың агрохимиялық қасиетін ескере отырып беру қажет. Ал артық не кем берілсе тек шаруашылық қана зиян шекпейді, оның қоршаған ортаға да залалы тиеді. Осыны ескерген абзал.

Өңірлік ауылшаруашлығы басқармасының мәліметінше биыл минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 1,9 есеге ұлғайтылып, жалпы 49 мың тоннаға бекітілген. Былтыр 25,2 мың тонна болған екен. Осы күні жалпы 1100 шаруа қожалығы 27,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алған. Бұл 56 пайыз. Атап айтсақ, «КазАзот» компаниясынан 5,6 мың тонна, «КазФосфат» компаниясынан 5,7 мың тонна, қалған 16,2 мың тоннасы басқа шетелдік компаниялардан алынған. Қазақстанға Ресей, Өзбекстан секілді мемлекеттерден келеді. Минералды тыңайтқыштар агротехнологиялық технологияға сәйкес жыл бойы қолданылады.

Осы жылы бюджеттен тыңайтқыштарды субсидиялауға 2,6 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Тыңайтқыш көлемі 26,2 мың тонна. Қосымша 1,8 млрд теңгеге 22,8 мың тонна тыңайтқышқа Ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім беріліпті.

Егін шаруашылығы саласын дамытуға – 8,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Жалпы бөлінгені 22,2 млрд теңге. Оның ішінде тұқымға 1 млрд 19 млн теңге. Көлемі 1,5 мың тонна және 37 мың с.б. Тыңайтқышқа 2 млрд 621 млн теңге қарастырылған. Көлемі 30 мың тоннаға жуық. Ал 164 мың литр пестицидке 483 млн теңге бөлінсе, басым дақылға 4 млрд 429,0 млн теңге берілген. Оның көлемі 263 мың тонна. Қосымша қажетті қаражат көлемі 10 млрд теңге, оның ішінде жоспарланған тыңайтқыш көлемін субсидиялауға - 1,8 млрд теңге, басым дақылдарды субсидиялауға 8,2 млрд теңге бөлінуі жөнінде министрлікке хат жолданып, бюджеттік өтінімдер берілді. Саланы қаржыландыруға – 17,8 млрд теңге бөлінді, оның ішінде: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ – 11,3 млрд теңге, «КазАгроҚаржы» АҚ – 6,5 млрд теңге, - дейді облыстық ауылшаруашылық басқарамысының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

108 шаруашылық 2 млрд несие алған

Бүгінде жалпы 108 шаруашылық субъектісі 2 млрд теңге несие алған және 3,2 млрд теңгеге 285 техника алынған. «Аграрлық несие корпорациясына көктемгі дала жұмыстарын несиелендіруге жаңа «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында 3 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнге 328 млн теңгеге 13 өтінім қабылданыпты.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қағдидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл отандық тыңайтқыш өндіруші зауыттардан сатып алынған аммиак селитрасы мен аммофос үшін аванстық тәсілмен сатылым бағасының 60 пайызы тікелей зауытқа аударылады. Қалған 40 пайызын шаруашылық төлейді. Сонымен бірге Аммофос өндірушісі Казфосфат зауытымен 1 қыркүйекке дейін тыңайтқыштарды «рассрочкаға» беруге келісім бойынша аудандар тарапынан жылдың аяғына дейін 3,7 мың тонна аммофостың қажеттілік көлемі берілген. Оның ішінде рассрочкаға 83 шаруашылық 1,3 мың тоннаға өтінім берген.

Егін көлемі қалай дегеніменде тыңайтқышқа тікелей байланысты. Егін шаруашылығында жетекші дақыл жүгерінің көлемінің өзі биыл 23 799 га. Бұл аталған дақылдың көлемін азайтты дегеннің өзінде осылай. Сондықтан бәрібір тыңайтқышсыз істің дөңгелемесі белгілі. Мал қиы сапалы көң алуға мүмкіндік береді. Табиғи қордалардың қуаты химиялық тыңайтқыштан кем емес. Тек арамшөбі көп болады. Сол себепті шаруалар заманауи үрдіске көшеді. Арамшөптен тазарту артық жұмыс, артық шығын. Ал химикаттың қай жағынан да тиімділігі жоғары, - дейді жаркенттік шаруа иесі Алтынбек Арланов.

Биыл 1 мың гектар бидай мен арпа, 920 гектар картоп, 595 гектар көкөніс егіледі. Одан бөлек 7 гектара бақша, 18,6 мың гектарға көпжылдық шөп, 14 гектарға күнбағыс пен майбұршақ өсіріледі. Осы маусымға 424 тонна жүгері, 24 тонна арпа, 75 тонна бидай тұқымы дайындалған.

Диқандар мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанына риза. Тек кейбір кішігірім мәселелерге назар аудару маңызды екенін айтып отыр. Неге десеңіз, оның өзі кейбір шағын қожалық үшін үлкен мәселе.

Ет, сүт, көкөніс пен жеміс – тіршіліктің негізгі көзінің бірі. Оның өнімді болуы топырақпен тиімді жұмыс істеудің нәтижесіне байланысты. Мысалы, былтыр 325 мың гектар егістіктен 4 мың тоннаға тарта дәнді дақыл жинадық. Осы арқылы ел көлемінде үздік төрт өңірдің қатарына ендік. Суармалы егістік көлемі көп болмаса да, алған өнім бойынша алда болдық. Бұл Жетісудың топырағы құнарлы, ауа райы жайлы екендігін білдіреді. Екіншіден шаруалардың көл көсір еңбегінің нәтижесі, - деген еді диқандармен кездескен облыс әкімі Бейбіт Исабаев

Дала аруы далада қалмасын десек...

Жетісуда жаңбыр толастамай тұр, соған сай жер де ылғал тартуда. Осыны пайдаланған жүгерішілер өткен айда жерді жыртып, тұқым септі. Дала аруын ерте еккен тиімді, себебі ерте көтеріледі. Оған қоса топырақ жылуын талғамайтын жаздық бидай, көп және біржылдық шөп, картоп, майлы дақылдарды екен еді. Қазір дала жұмысы жоспарға сай жүріп жатыр.

Өкінішке қарай Панфилов ауданындағы суармалы жерлердің басым бөлігі табиғи құнарын жоғалтқан. Сол себепті тәжірибелі дихандар тыңайтқыштарды көбірек пайдаланады. Мемлекет тарапынан жүгері өсіруге жеңілдікпен бөлінетін минералды тыңайтқыш сатып алу жоспары 13 906 тонна. Осы кезеңде нақты сатып алынғаны 5 500 тонна ғана. Ақтаулық «ҚазАзот» кәсіпорны мен тараздық «Қазфосфат» зауытына тыңайтқыш алуға келісімшартқа қол қойылған. Қазір Алтынкөл стансасына 15 вагон тыңайтқыш жеткізіліп, ол қожалықтарға үлестірілді. Енді апта ұзатпай батыстан 2 вагон керек тыңайтқыштар жеткізіліп отырады.

Осы жылы жүгері алқабын құнарландыруға көңіл бөлінеді. Жүгерішілерге өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп минералды тыңайтқыш керек. Жүгеріні егуге бейіл шаруалар қордан көң тасып, амалдап жүр. Алқаптарын осылай алдамақ. Аудан бойынша барлық егістікке 40 мың тоннаға тарта органикалық тыңайтқыш сіңген. Өткен айда 21 535 тонна органикалық тыңайтқыш егістік алқаптарына тасылып, бәрі де шаруалардың қажетіне жарады. Игілікті іс Үлкенағаш, Пенжім ауылдық округтерінде жүйелі түрде жүргізілуде. Біз жүгері алқабын азайтқанымызбен оған көңіл бөлуді тоқтатпаймыз. Себебі биыл дала аруына тапшылық туындауы мүмкін, - дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Былтырғыдай дала аруы далада қалмасын десек, қазірден бастап қамданған жөн. Қаншама шаруалар өткен жылы шығынға батты. Биыл да солай бола ма деп алаңдап отыр. Бұл мәселе Үкіметке дейін көтеріліп, әбүйір болғанда шауралар өнімін өткізген еді. Бұған облыс әкімі Бейбіт Исабаев былайша жауап берді.

Былтыр жүгеріні өткізу жағынан көптеген қиындыққа тап болған едік. Әйткенмен мәселе шешімін тапты. Осы жылы егістікті әртараптандыру аясында жүгері алқабын азайтамыз. Соған орай тәтті түбірді, майлы дақылдарды, мал азығыны егістігін арттырмақпыз. Бұлар табысты өнімдер. Бұл тарапта мемлекет барынша қолдау көрсетіп отыр. Бұл бағытта шаруаларға барынша көмектесуге дайынбыз. Дихандадың қаржылай қолдау процедураларын жеңілдету туралы ұсыныстарыңдепутаттармен бірге тиісті органдарға жеткіземіз. Ешбір шаруа қараусыз қалмайды, - дейді Исабаев.

Тыңайтқышсыз егіншілер табысты болмақ емес. Минералды заттар неғұрлым көп болған сайын, өнімде соғұрлым жоғары болмақ.

Өзгелердің жаңалығы