2025 жылы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдер көлемі өсті. Оның ішінде жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері ұлғайтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Аслан Оразбеков кімге қандай жәрдемақы мен зейнетақы төленетінін түсіндірді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жамбыл облысы бойынша ортақ зейнетақы алушылардың жалпы саны – 139 181 адам, базалық зейнетақы алушылардың саны – 132 684 адам.
2025 жылы зейнетақылар мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшері ұлғайтылды.
Жыл басынан бері қалыптасқан зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 8,5%-ға артты.
Зейнеткерлердің зейнетақысы 2025 жылы қанша теңгеге өсті?
Биыл ең төменгі зейнетақы мөлшері 62 771 теңге. Айта кету керек, бұл жерде 1998 жылға дейін толық жұмыс өтілі бар қазақстандықтар үшін жасына байланысты зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері көзделеді: ерлер үшін – 25 жыл және әйелдер үшін – 20 жыл. Егер зейнеткердің еңбек өтілі аз болса, онда зейнетақының ең төменгі мөлшері оның мәніне пропорционалды түрде азаяды, - деді Аслан Оразбеков.
Базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсуін, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-дан 70%-ға дейін есептеу тәртібінің өзгеруін ескере отырып өсті.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылға дейін болған жағдайда, азаматтар базалық зейнетақының ең төменгі мөлшеріне сене алады, ол қазір ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на тең немесе 32 360 теңге.
Ал 10 жылдан астам еңбек өтілінің әрбір толық жылы үшін төлем 2%-ға артады. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері 30 жыл немесе одан да көп жұмыс өтілі бар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-на жетуі мүмкін. Яғни, базалық төлемнің түпкілікті мөлшері еңбек өтіліне және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу уақытына байланысты болады, - дейді Аслан Оразбеков.
Бұл ретте 2023-2027 жылдар кезеңінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең – кезеңімен 54-тен 70%-ға дейін, ең жоғары - ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100-ден 120%-ға дейін жеткізу көзделеді.
2025 жылы базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%, немесе 50 851 теңгені құрайды.
1 АЕК 3 932 теңгеге тең
2025 жылы айлық есептік көрсеткіш ұлғайып, 3 932 теңгені құрады. Ол жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін, сондай-ақ айыппұлдар, салықтар және басқа төлемдерді қолдану үшін қолданылады.
Балаңызға қанша теңге жәрдемақы алып жүрсіз?
Мемлекеттік бюджеттен алғашқы жәрдемақы баланың туылуына байланысты төленеді. Алғашқы үш балаға бір мезгілде 38 АЕК төленеді, бұл 2025 жылы 149 416 теңгеге тең. Төртінші және одан кейінгі балалардың тууына - 63 АЕК немесе 247 716 теңге.
Осы төлеммен бірге міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын (жұмыс істемейтін) әйелдерге бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы рәсімделеді. Оның мөлшері балалардың кезектілігіне және АЕК-тің мөлшеріне де байланысты. – деп түсіндірді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Аслан Оразбеков.
Бірінші балаға айына 5,76 АЕК. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл 22 649 теңге.
Екіншісіне - 6,81 АЕК – 26 777 теңге.
Үшіншісіне - 7,85 АЕК– 30 867 теңге.
Төртіншісіне және одан кейінгі балаларға - 8,9 АЕК – 34 995 теңге.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыс істейтін әйелдерге бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Олардың мөлшері АЕК-ке емес, олардың орташа айлық жалақысына байланысты.
Бұл ретте 2025 жылдан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақылар да, әлеуметтік төлемдер де 1,5 жасқа дейін төленетін болды.
Мүгедек балалар тәрбиеленетін отбасыларды қолдау үшін Қазақстанда кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2025 жылы 64 720 теңгені құрады.
Көпбалалы отбасыларға қанша теңге жәрдемақы төленеді?
Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері айлық есептік көрсеткіштің өзгеруіне байланысты да өсті.
- 4 баласы бар отбасыларға ай сайын 63 030 теңге;
- 5 баласы бар отбасыға – 78 798 теңге;
- 6 баласы бар отбасыға – 94565 теңге;
- 7 баласы бар отбасыға – 110 332 теңге;
- 8 және кейінгі баланың әрқайсысына 15 728 теңгеден.
“Наградталған аналарға” қандай қолдау бар?
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодекске “Наградталған аналар” деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл мәртебені “Күміс алқа”, “Алтын алқамен” наградталған немесе бұрын “Батыр Ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендері бар әйелдерге беріледі. Сондай-ақ наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.
- “Алтын алқа” алқасымен, “Батыр ана” атағы бар I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін арттырылды – 29 097 теңге;
- “Күміс алқа” алқамен марапатталған аналарға – 25 165 теңге (6,4 АЕК).
Зейнетке 55 жастан кім шыға алады?
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін қызметкерлерге 55 жасқа толған және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі кемінде 7 жыл болған кезде арнаулы әлеуметтік төлем енгізілді.
Арнаулы әлеуметтік төлемдерді енгізу зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдар үшін олар 55 жасқа толғанда және кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі болған кезде көзделген.
Төлем төрт көзден жүзеге асырылады:
- республикалық бюджеттен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшері, немесе 92 456 теңге мөлшерінде;
- Үкіметтің қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан қолда бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып;
- өмірді сақтандыру компанияларының 1-ші ең төменгі күнкөріс деңгейі, немесе 46 228 теңге мөлшерінде;
- жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1-ші ең төменгі күнкөріс деңгейі, немесе 46 228 теңге мөлшерінде.
Қызметкер оны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады. Зейнетақы тағайындалғаннан кейін төлем тоқтатылады.
2024 жылдан бері төлем 641 алушыға тағайындалды.
2023 жылы Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу ережелерінің қабылдануына байланысты оны алу құқығын жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарының балалары да алды.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында ақшалай өтемақы 1 559-дан астам алушыға тағайындалды, оларға 232 006 651 теңге төленді.
Халықты әлеуметтік қорғау кез келген әлеуметтік бағдарланған мемлекеттің ажырамас функциясы, оның негізгі мақсаты ел азаматтарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және көтеруге бағытталған әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамыту.