Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысын аралап шыққан «Жәрдем» медициналық пойызы Атырау облысына келді.
Өңірдегі Исатай және Құрманғазы аудандарына қарасты ондаған елді-мекен тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді. Кеше кешкісін Исатай ауданының Аққыстау ауылдық округіне тоқтады. Ауыл халқы медициналық пойызды құрметпен күтіп алған. Тіпті, аққыстаулықтар дәрігерлер құрметіне шашу да шашқан. Пойыз Аққыстау ауылында екі күн тұрады. Дәрігерлер көмегіне жүгінген халықтың қарасы көп екен.
Кеше кеш бата келген пойызды ауыл халқымен бірге күтіп алдық. Таңнан бері дәрігерлер қабылдап жатыр. Сырттай бақылап жүрміз. Халық өте көп. Медициналық мамандар түскі үзіліс жасамастан қабылдап жатыр екен. Аққыстаулықтар стоматолог, гинеколог және көз дәрігеріне көп жүгініп жатыр,-дейді Аққыстау ауылдық округ әкімі Ғаділ Махуұлы.
Медициналық көмек алуға келген аққыстаулықтардың басым бөлігі ультра дыбыстық зерттеуге жүгінген.
Жаңа ғана қызмет алып келе жатырмын. Ішкі құрылысым ауырып жүрген еді. Дәрігерлер қарап, ультра дыбыстық зерттеуден өткізді. Бауырыма ет өскен. Өтім қоюланған. Осыған арнайы ем жазып берді. Ауылымызға тегін қызметтің келгеніне қуанып жатырмыз,-дейді ауыл тұрғыны Нысан Жолдыбаев.
Біздің мақсатымыз ауыл халқын сапалы медициналық қызметпен қамту. Осы бойынша 26 мамыр мен 13 маусым аралығында Маңғыстау облысын аралап, тегін қызмет көрсеттік. Дәрігер көмегіне жүгінген халықтың қарасы көп болды. Біздің құрамда кардиолог, терапевт, невропатолог, офтальмолог, гинеколог, хирург, маммолог, уролог, стоматолог, педиатр, психолог бар. Мамандарымыз маңғыстаулықлықтардан қант диабеті, артроз және артрит, созылмалы пиелонефрит, созылмалы панкреатит және созылмалы холецистит, жатыр миомасы және жатыр мойны эрозиясы, простатит, глаукома, созылмалы бронхит және бронх демікпесі, сондай-ақ туберкулезге күдік ауруларын анықтады. Аққыстау халқына қызмет көрсетіп жатырмыз. Келушілер өте көп,-деді пойыздың аға мейірбикесі Дана Нұржанқызы.