Елордада "Жарқын болашақ" олимпиадасы өтті

9 Ақпан 2020, 18:12
4854
Бөлісу:
Елордада "Жарқын болашақ" олимпиадасы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы NURORDA мектебінде "Білім-инновация" халықаралық қоғамдық қоры дәстүрлі "Жарқын болашақ" олимпиадасының қалалық кезеңін өткізді.

Байқаудың мақсаты: мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту; қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау; оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту. Қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жақсы меңгеру арқылы Қазақстанның болашағы үшін аянбай қызмет ететінін көрсеткен нағыз "Сегіз қырлы, бір сырлы" жастарға ерекше қолдау көрсету болып табылады.

Олимпиада жалпы білім беретін оқу орындары арасында ұйымдастырылды. Қалалық олимпиадада 7-11 сынып оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 5 бағыт бойынша ("Тілші-әдебиетшілер", "Жас ғалымдар", "Жазушылар", "Сөз шеберлері", "Әнші-бұлбұлдар") білімін сарапқа салды. Олимпиаданың негізгі концепциясында көрсетілгендей қазақ тілінің бес бағытта дамытуын көздейді. Олимпиаданың "Жарқын болашақ" деп аталуында да символикалық мән бар. Олимпиадаға қатысушы оқушылар - болашақ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымы, қазақ жазушылары мен журналистері, күміс көмей әншілері мен тілі мен танымы түйіскен актерлері. "Қазақ тілінің болашағы жарқын" деген сенім — ең құнды капитал.

Жалпы қаңтар айынан басталған бұл "Жарқын болашақ" олимпиада аламаны аудандық, облыстық, республикалық (финал) кезеңдерден тұрады. Оған еліміздің 14 облысы, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан оқушыларымыз қатысып, бағын сынайды. Қазақ тобы мен өзге ұлт өкілдерінің оқушылары бөлек сайысқа түсіп, бөлек марапатталады.  

Республикалық олимпидададан жүлдегер атанған оқушыларға Сүлеймен Демирел университетінің және басқа да еліміздің беделді жоғары оқу орындарының гранттары табыс етілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы