- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Жақсы мұғалім – жүрекпен білім беретін тұлға
Жақсы мұғалім – жүрекпен білім беретін тұлға
Гүлнұр Нұрбаева – педагог-зерттеуші, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол ауданның айтулы ұстаздарының бірі, заманауи әдістер мен шығармашылықты сабаққа енгізуге белсенді.
31 Наурыз 2026, 23:40
Жақсы мұғалім – жүрекпен білім беретін тұлға
Гүлнұр Нұрбаева – педагог-зерттеуші, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол ауданның айтулы ұстаздарының бірі, заманауи әдістер мен шығармашылықты сабаққа енгізуге белсенді.
Жақсы ұстаз – тек сабақ беріп қана қоймай, әр оқушының қабілетін ашып, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін адам. BAQ.KZ тілшісі технология мен шығармашылықты сабаққа тиімді қолданып, өз білімін үнемі жетілдіріп келе жатқан ауыл мұғалімімен сұхбаттасты.
Гүлнұр Нұрбаева – педагог-зерттеуші, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы Б. Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ол ауданның айтулы ұстаздарының бірі, заманауи әдістер мен шығармашылықты сабаққа енгізуге белсенді.
Ұстаздық – жүректің таңдауы
– Ұстаздықты не себепті таңдадыңыз?
– Мен үшін ұстаздық – жай мамандық емес, жүрек қалауы. Бұл жолды таңдауыма алғашқы ұстазым Зибагүл апайдың ықпалы зор болды. Оның сабақты түсіндіруі, оқушыларға деген мейірімі мен сабырлылығы мені қатты әсер етті. Сол кісідей болсам, балаларға білім беріп қана қоймай, олардың жүрегіне жол таба аламын деген арманым ерте қалыптасты.
Уақыт өте келе бұл арман мақсатқа айналды. Ұстаздық – болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру, үлкен жауапкершілік әрі абыройлы іс екенін түсіндім. Анам да мұғалім болғандықтан, бала кезімнен осы мамандықтың жауапкершілігі мен қиындығын көріп өстім. Дегенмен ұстаздықтың беретін қуанышы мен мағынасы әлдеқайда терең екенін түсіндім.
Өскелең ұрпақпен жұмыс – шыңдалу жолы
– Оқыту процесінде қандай қиындықтар кездеседі?
– Өскелең ұрпақпен жұмыс жасау – сырт көзге жеңіл көрінгенімен, өз ішінде түрлі қиындықтарды қамтиды. Әр баланың қабылдауы әртүрлі: бірі тез ұғады, бірі баяу. Сондықтан әр оқушыға жеке тәсіл табу – үлкен жауапкершілік.
Қазіргі балалардың кітап оқуға ынтасы төмен, кейіпкерлердің жан дүниесін түсіну оңай емес. Сонымен қатар, оқушы мен мұғалім арасындағы сенімді байланыс орнату маңызды. Егер бала саған сенбесе, сабақты толық қабылдай алмайды. Сондықтан біз тек білім беруші ғана емес, бағыт беруші әрі кейде сырлас та болуымыз керек.
Дәстүрлі және заманауи оқытудың үйлесімі
– Дәстүрлі оқыту мен заманауи әдістер арасындағы айырмашылық туралы не ойлайсыз?
– Бұл екі бағыт бір-бірін толықтырады. Дәстүрлі оқыту білімнің негізін, тәртіп пен жүйелілікті береді, ал заманауи оқыту оқушының шығармашылығын, еркін ойлауын дамытады. Мен сабақта теорияны дәстүрлі түрде түсіндіріп, оны бекіту кезінде ойын элементтері, жаңа технологиялар мен интерактивті әдістер қолданамын.
Ең тиімді жол – дәстүрлі білім мен заманауи тәсілдердің алтын ортасын табу.
Заманауи оқытудың басты басымдылығы
– Заманауи оқытудың негізгі басымдылығы неде?
– Заманауи оқыту оқушының тұлғалық дамуына, өз бетімен ойлай алуына, білімді өмірде қолдана білуіне бағытталады. Қазақ тілі мен әдебиеті тұрғысынан бұл – тілдік құзыреттілікті дамыту, ойын сауатты жеткізуге үйрету, әдеби шығармалар арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру.
Сыни ойлау мен эмоционалдық интеллект дағдылары қазіргі оқушы үшін өте маңызды. Олар тек білімді меңгеріп қана қоймай, өз ойын дәлелдеп, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
– Ұрпақ болашағы үшін сыни ойлау мен эмоционалдық интеллект дағдыларының маңызы туралы не айтар едіңіз?
Менің ойымша, ұрпақ болашағы үшін сыни ойлау мен эмоционалдық интеллект дағдыларын дамыту – бүгінгі білім беру жүйесінің ең маңызды бағыттарының бірі. Қазіргі заманда оқушы тек дайын ақпаратты қабылдап қана қоймай, оны саралап, талдап, өз ойын дәлелдей алуы керек. Осы тұрғыдан алғанда, сыни ойлау дағдысы өте қажет деп есептеймін.
Ал эмоционалдық интеллект – баланың өз сезімін түсініп, оны басқара білуі, сондай-ақ өзгелердің көңіл күйін сезініп, дұрыс қарым-қатынас орната алуы. Бұл қасиет тек оқу процесінде ғана емес, өмірде де үлкен рөл атқарады. Диалогқа келгенде бала суда жүзген балықтай еркін болуы керекғ бұл әсіресе айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты нығайтады.
26 жыл еңбек өтілімде байқағаным – бізде білімді бала көп, бірақ өз ойын еркін жеткізе алатын, сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдай білетін, орынды сөйлей алатын оқушылар әрдайым ерекшеленіп тұрады. Сондықтан бұл дағдыларды дамыту – уақыт талабы, қазіргі ақпарат қаптаған дамыған заманда сөз бен ойдың қабыстыру керек деп ойлаймын.
Сабақ барысында да оқушыларды пікір айтуға, ой бөлісуге, бір-бірін тыңдауға, құрметтеуге үйретуге ерекше мән беремін. Себебі болашақта өз орнын табатын, саналы да парасатты тұлға тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз.
Қорыта айтқанда, сыни ойлау мен эмоционалдық интеллект – бүгінгі ұрпақтың табысты әрі саналы тұлға болып қалыптасуының негізгі тірегі. Білім беру үдерісінде бұл дағдыларды дамыту арқылы біз тек білімді емес, өз ойын еркін жеткізе алатын, жауапкершілігі жоғары, адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген тұлға тәрбиелей аламыз. Сондықтан заманауи оқытуда баланың танымдық қабілетімен қатар, оның ішкі мәдениеті мен эмоциялық сауаттылығына да ерекше мән беру – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет.
Саналы ұрпақ тәрбиелеу
– Оқушы қандай болу керек?
– Заманауи оқушы – саналы, ізденімпаз, өз ойын еркін жеткізе алатын тұлға болуы тиіс. Ол сыни ойлай білуі, ақпаратты сүзгіден өткізіп, дұрыс шешім қабылдай алуы керек. Сонымен қатар, ана тілін құрметтейтін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, адамгершілік қасиеттері қалыптасқан болуы маңызды.
Сабақта оқушыларды пікір айтуға, бір-бірін тыңдауға, құрметтеуге үйрету – басты мақсат. Саналы, білімді де тәрбиелі ұрпақ – ел болашағының кепілі.
Ұстаздың ұстанымы
– Сіздің негізгі ұстанымыңыз қандай?
– Әр оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау, оның ойлау қабілеті мен шығармашылығын дамыту, біліммен қатар тәрбиеге басымдық беру. Сабақта тілін, ой-пікірін, адамгершілігін қалыптастыруға бағытталған әрекеттерді басты орынға қоямын.
Иә, заманауи педагогиканы меңгерген ұстаз бен жаңаша ойлайтын оқушының үйлесімі – сапалы білімнің кепілі. Осындай қарым-қатынастың алтын аралығын тауып, бірлік қалыптастырған ұрпақ пен ұстаз сабақтастығы – Қазақстанның ертеңі.
Ең оқылған:
- Тоқаев Түркістандағы жаңа мешітке Миромон ата есімін беруді ұсынды
- Си мен Трамп келіссөзі несімен есте қалды? Қытайдағы саммиттен фоторепортаж
- Алматыда 5%-бен ипотека беріледі: Кімдер баспаналы болады?
- Трамп: Қытай 200 Boeing ұшағын сатып алуға келісті
- Түркиялық сарапшы: Түркі мемлекеттері ұйымының күші – экономикада