Speedtest Global Index 2024 жылғы желтоқсан айының қорытындысын шығарып, ең жылдам интернеті бар елдер мен қалалардың рейтингін жариялады, деп хабарлайды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа зерттеуде мамандар 154 елдің 200-ге жуық қаласындағы мобильді интернет пен кеңжолақты желінің орташа жылдамдығын талдап шыққан.
Айта кетейік, Speedtest Global Index бағалау критерийлеріне ақпаратты жүктеу мен жолдау жылдамдығы кіреді. Бағалау кезінде мобильді және кеңжолақты желілер есептеледі.
Сонымен әлемдік сервис мәліметтері бойынша, мобильді интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан бір сатыға көтеріліп, 57-орынға жайғасты. Орташа жүктеу жылдамдығы – 53,76 мегабит/секунд. Ал 58-орында Жапония тұр (53,54 мегабит/секунд).
Алайда кеңжолақты интернет жылдамдығы бойынша Қазақстанның рейтингі төмен, нақты айтқанда еліміз әлем бойынша 88-орында тұр (орташа жылдамдық – 73,67 мегабит/секунд).
Мобильді интернет жылдамдығы бойынша көш бастап тұрған үш ел:
- Біріккен Араб Әмірліктері – 453,87 мегабит/секунд;
- Катар – 383,5 мегабит/секунд;
- Кувейт – 257,3 мегабит/секунд.
Ең төменгі көрсеткіш тағы да Ауғанстанда тіркелді. Мұнда жүктеу жылдамдығы бар болғаны 8,2 мегабит/секунд.
Ал қалаларға келетін болсақ, еліміздеге интернеті ең жылдам қала - Алматы (93.71 мегабит/секунд). Бұл тұста ол 2 сатыға төмендеп кеткенін айта кетейік. Ал Астана рейтингте 2 сатыға көтеріліп, 71-орынға тұрақтаған (83.87 мегабит/секунд).
Бір қызығы кеңжолақты интернет бойынша жағдай керісінше, яғни Астана 97-орынға (83.88 мегабит/секунд) көтерілсе, Алматы 103-орында (80.21 мегабит/секунд) тұр.
Ал әлем бойынша мобильді интернет жылдамдығы бойынша келесі қалалар көш бастап тұр:
- Абу-Даби (Біріккен Араб Әмірліктері) - 527.65 мегабит/секунд;
- Дубай (Біріккен Араб Әмірліктері) - 424.33 мегабит/секунд;
- Ар-Райян (Қатар) - 416.67 мегабит/секунд.