Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұма күні Жапонияда COVID-19-ға байланысты төтенше жағдай режимі толығымен алынып тасталды, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Токио мен басқа 18 префектурада орнаған төтенше және квази-төтенше жағдай режимі елде коронавирус жұқтыру жағдайларының және жалпы елдің медицина жүйесіне салмақтың азаюына байланысты бейсенбі күні аяқталды.
Жапонияда инфекция 20 тамыздан бастап азайып келеді. Сол күні елде жұқтырғандар саны 25 867 болып, жалпыұлттық рекорд орнаған. Ал бейсенбі күні ел бойынша вирус жұқтырғандар саны 1 576 болды. Токиода төтенше жағдай соңғы рет Олимпиада ойындарының басталуына дейін 11 күн қалғанда, 12 шілде күні енгізілген болатын.