Жапонияда ерекше пластикалық пакет әзірленді

26 Шілде 2020, 19:19
1909
Бөлісу:
Жапонияда ерекше пластикалық пакет әзірленді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапониялық Mitsubishi Chemical корпорациясы теңіз астында толығымен ыдырауға қабілетті пластикалық пакет әзірлеп шықты, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Пакеттер арнайы материалдан жасалған, оны қолға ұстап көргенде және текстурасы бойынша кәдімгі полиэтиленнен айырмашылығы жоқ, тек жаңа өнімнің құрамына қант қамысы кіреді. Жапон компаниясының мәліметі бойынша, мұндай пакеттер бір жыл ішінде теңіз суында толықтай ыдырап кетеді, - деп жазады жапониялық қоғамдық телевизия.

Mitsubishi Chemical теңіздер мен мұхиттарда пластикалық қоқыстарды қысқарту мақсатында жүргізіліп жатқан күресте көмектесетініне сенім білдіріп отыр. Қазіргі уақытта компания ұлттық компаниялармен ынтымақтаса отырып, осындай пакеттерді жаппай өндіру жұмыстарына дайындалуда.

Жапонияның барлық дүкендері осы жылдың 1 шілдесінен бастап сатып алынған тауарларды буып-түюге арналған пластикалық пакеттер үшін міндетті түрде ақы ала бастады. Жапон билігінің ойынша, бұл шара елдегі және оның жағалауындағы пластикалық қоқыс көлемін қысқартуға көмектесуі тиіс. Билік мақұлдаған заңнамаға сәйкес пакеттердің құны 2 иен (7,80 тг) кем болмауы керек. Сонымен қатар, дүкендер келушілерге биологиялық ыдырайтын өсімдік талшықтарынан жасалған пакеттерді тегін ұсынады. Жергілікті тұрғындарды да пластикалық пакеттерді пайдалану көлемін қысқарту үшін дүкенге өз сөмкелерімен келуге шақырады. 

БҰҰ мәліметі бойынша, планетада жыл сайын 300 млн тоннаға жуық пластикалық қоқыс шығарылады. Бұл көлемнің шамамен 8 млн тоннасы әлемдік мұхитқа түседі. Онда мұндай қоқыс ұсақталып, микропластикаға айналады. Кейін оларды түрлі балықтар мен киттердің жұтып қоюы салдарынан бұл жаһандық ауқымдағы экологиялық проблемаға айналып отыр. Жапония үкіметі қазір 2050 жылға қарай ел аумағынан мұхитқа пластикалық қоқыстың түсуін толықтай болдырмауға бағытталған шараларды әзірлеуде.
Өзгелердің жаңалығы