Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жапония Қытаймен диалогқа дайын екенін мәлімдеді

25 Қараша 2025, 07:17
242
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Жапония Үкіметі Қытаймен арадағы қатынастардың шиеленісуіне қарамастан, әртүрлі деңгейде диалог жүргізуге және өзара түсіністікті тереңдетуге ашық. Бұл туралы Министрлер Кабинетінің Бас хатшысы Минору Кихара мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Токионың ұстанымы өзгерген жоқ.

Біз қиындықтарды азайтып, өзара күш-жігер арқылы түсіністік пен ынтымақтастықты күшейткіміз келеді, - деді Кихара.

Ол Жапония жағдайдың дамуын мұқият бақылап, тиісті шаралар қабылдайтынын қоса атап өтті.

Сонымен қатар, Кихара БҰҰ жанындағы Жапонияның тұрақты өкілі ұйым Бас хатшысы Антониу Гутерришке хат жолдағанын айтты. Бұл хат Қытайдың БҰҰ-дағы өкілінің мәлімдемесіне жауап ретінде жіберілген. Аталған мәлімдемеде Пекин Жапония Тайвань бұғазындағы жағдайға әскери араласуға тырысса, ҚХР өзін-өзі қорғау құқығын пайдаланатынын ескерткен.

Бұған дейін Жапония Премьер-министрі Санае Такаити парламентте Тайваньдағы ықтимал әскери дағдарыс Жапония үшін «экзистенциалды қауіп» болатынын, сондықтан Токионың «ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын» қолдануына себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Бұл мәлімдеме Бейжіңнің қатты наразылығын тудырды.

Даулы жағдайды ушықтырған тағы бір оқиға – Қытайдың Осакадағы бас консулы Сюэ Цзяньдің әлеуметтік желідегі жазбасы болды. Ол жапон премьерін «басын кесіп тастаймын» деп қорқытқан жазба кейін өшірілді. Осыдан кейін ҚХР Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Жапонияға барудан сақтандыру туралы ескерту жасап, жапон теңіз өнімдерін импорттауды тоқтататынын хабарлады.

Тарихи тұрғыдан Тайвань 1949 жылдан бері өзін-өзі басқарып келеді. Қытай Азаматтық соғысы аяқталғаннан кейін Чан Кайши бастаған күштер осы аралға шегініп, бұрынғы Қытай Республикасының туы мен рәміздерін сақтаған еді. Ал Бейжіңнің ресми ұстанымына сәйкес, Тайвань – ҚХР-дың ажырамас бөлігі. Бұл позицияны көптеген мемлекеттер, соның ішінде Ресей де қолдайды.

Өзгелердің жаңалығы