Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жанжалдан кейін: Серік Сәпиев пен оның орынбасары қызметтен кетті

Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

Қарағандыда спорт кешенінде болған жанжалдан кейін Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов өз өтініштерімен қызметтерінен босатылды. Полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Қарағанды облыстық спорт басқармасын басқарған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасындағы жанжалдың видеосы тараған болатын. Ақпараттарға сәйкес, оқиға салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті 42 жастағы Қарағанды тұрғынының арызы негізінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Полиция мәліметінше, оқиға 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінің ғимаратында болған.

Бұған дейін Серік Сәпиев өңірдегі спорт ұйымдарын басқару төңірегіндегі жағдайға байланысты жария түрде үндеу жасаған болатын. Оның айтуынша, орын алған оқиға жеке немесе тұрмыстық сипатта емес, белгілі бір ықпалды тұлғалардың кадрлық үдерістерге араласу әрекеттерімен байланысты.

Сондай-ақ Олимпиада чемпионы мемлекеттік қызметтегі міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік қызметші этикасын сақтайтынын айтқан. Оның сөзінше, бала кезінен жаттықтырушылары өзін «рингтен тыс жерде күш қолданбауға» тәрбиелеген.

Облыс әкімдігінде Серік Сәпиевтің ықпалды тұлғалардың кадрлық үдерістерге араласуы туралы мәлімдемесіне байланысты тиісті тексерулер жүргізілетіні айтылды.

Өз кезегінде Дәурен Есімханов та жағдайға қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шынайы емес ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында аталған жанжалға қатысты өз ұстанымын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы