Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай «жанжал шығарғаны үшін күйеуімен қоса әйелін де жауапқа тарту қажет» деген пікірін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Менің айтқым келгені, жауапкершілікті тең бөлу керек. Жасыратыны жоқ, кейде ер азаматтарға да буллинг жасалады. Нақты деректерді келтіре алмаймын. Дегенмен қоғамда көріп жүргеніміздей, әйел адамдар да ерлеріне қысым жасайды. Бірақ, мұндай деректер көп емес. Әйелдерді қамасын, оларға айыппұл салсын дегенді мен заңға ұсыну үшін айтып отырған жоқпын. Менің айтқым келгені, жауапкершілік отбасыдан ажыраудың салмағын... Мысалы, оқшауланған ер азамат қандай күйге түсетінін өздеріңіз білесіздер. Сол секілді әйел адамға да «қаласам қамата салам» деген дүние емес, «отбасыма қайта қосыла алмай қалам-ау» деген қауіп бар, - деді Мәжілістің кулуарында журналистерге берген сұхбатында депутат.
Сонымен қатар ол «Провакатор әйелдерді 15 күнге қамау керек» деп не үшін айтқанына тоқталды.
Мен провокаторларды деген жоқпын. Медиация институты, ақсақалдар алқасының араласуын мен қолдаймын. Бірақ өкінішке қарай біз қалаған ақсақалдар алқасы өңірлерде жеткіліксіз. Соттың үкімі болып, ақсақалдар алқасына жібереді. Ол жерде әртүрлі адамдар бар ғой. Бір сөзге тоқтайтын адамдар болады, тоқтамайтын адамдар болады. Әрине, медиациямен де бұл процестің қалай жүретініне біз кепілдік бере алмаймыз. Бірақ сот жастарды қайтарып, бітімге келуіне мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Қысқаша, менің айтарым, медиациямен шешу керек.
Менің мензегенім, кез келген жанжалда жаза ер адамды ғана жазалауымыз керек деген дүниеден арылуымыз керек. Бұл жерде инспекторлар тек қана айқай шу болды деген желеумен ғана келіп шешім шығару емес, нақты кімнің кінәлі екеніне бойлайтын адами көзқарас керек, - деді мәжілісмен.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта бұл заң жобасын қолдаймын деп отыр.
Ұсыныстар болса, енгіземіз. Неге біз бір жақты ғана шара қолдана береміз? Екеуіне де қолдану керек деген дүниені айтып отырмын. Мен пікір айттым. Мені сайлаған қауымның 50 пайызы да ер азаматтар осы пікірді қолдап жатқанын әлеуметтік желіден көріп отырмын. Сондықтан бұндай да пікір болу керек. Сондықтан әрине, әйел адамды ер азаматпен бірдей қатаң жазалау мүмкін емес. Мен оған қарсымын. Әйелдерді ұрып-соғатын, зорлық көрсететін ішкілік пен нашақорлыққа салынған ер азаматтар тұрып жатқан отбасыларға мен қарсымын. Заңның ең қаталдығымен оларға шара қолдану керек, - дейді Жарқынбек Амантай.
Айтуынша, егер әйелге расымен қандай да да шара қолданылатын болса, онда балалардың жағдайы сынды мәселе заңда ескеріледі.
Неғұрлым медиацияны көбейту керек деп айтар едім. Бір рет қана кездесіп бітімгерге келтіру ол аз. «Ыдыс-аяқ сылдырлаған» сайын отбасыны бітімге шақырып отыру керек және медиацияны 3 рет өткізу керек, - деді ол.
Бұған дейін мәжілісмен ер адамды 15 күнге оқшаулап жабу керек болса, ол кінәлі деп танылса, сонымен бірге әйелін де жеке жабу керек деген еді. Сөзінше, отбасына түскен жауапкершілікті теңдей бөлсе, біз көп мәселені тізгіндей аламыз.