Павлодар облысының полицейлері үйінде жанжал шығара берген 478 тұрғынға сот арқылы ішімдік тұтынуға тыйым салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында заңғы қайшы әрекет еткен 2307 тұлғаға қатысты шара қолданылды.
Олардың барлығына қорғау ұйғарымы берілді. Жанжал шығарғандар бұл нұсқаманы бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен, заңды аттағандар табылды. Нақтырақ айтқанда, 157 азаматқа айыппұл салынды. Қорғаныс ұйғарымы нақты қауіп төнген кезде жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шығарылған маңызды құжат. Үйдегі жанжал қайталана берсе, зардап шеккен тарапты қорғау үшін қажет шешім. Сот арқылы заңбұзушыларға қатысты ерекше ұйғарым шығарылуы мүмкін. Небары бес ай ішінде осындай 570 ерекше талап шығарылды. Олардың аясында профилактикалық шаралар қолға алынып, жанжалшыларға 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалады, - дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Руфат Кенжин.
Өкінішке қарай, отбасылық жанжалдардың қайталанауы жиі кездесетін құбылыс. Мәселен, полицияға павлодарлық азаматша үйінде шу шығара беретін ұлына шағым түсірді. Дегенмен, бір жыл өткен соң жағдай тағы қайталанды. Сәйкесінше, қорғаныс ұйғарымы бойынша оны 10 тәулікке қамауға алуға тура келді.
Полицейлердің айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болған кез келген тұрғын полицияның мобильді қосымшасы арқылы көмек сұрай алады. Бұл заңбұзушылықты анықтап, жедел шара қолдануға арналған.