Жануарларға қатыгездік танытқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

6 Тамыз 2021, 16:05
4287
Бөлісу:
Жануарларға қатыгездік танытқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жануарларға қатыгездік танытқан көптеген бейнеролик таралғаны белгілі. Ит-мысықтарды ұрып-соғып, қорлық көрсету сынды жантүршігерлік жайттардың белең алып жатқаны көңіл қынжылтпай қоймасы анық. Жануарларды заңнамалық тұрғыда қолдауды Парламент депутаттары қолға алған болатын. Нәтижесінде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы әзірленді.

Заң жобасы туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Қуат Чумакаевпен сұхбаттасқан едік.

- Жануарларға қатысты заң жобасын әзірлеу қажеттілігі неден туындады?

- Соңғы уақытта өкінішке қарай жануарларға аса қатігездік танытатын жан түршігерлік деректердің куәсі болып жүрміз. Сондықтан Жануарларға қатыгездік көрсеткендерге жауапкершілікті арттыруды көздейтін жеке заң жобасын жасау қажеттілігі туындады.

Осыған байланысты, 2020 жылғы 14 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Президентінің №413 (99-тармақ) Жарлығымен бекітілген 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Елбасының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Үкіметке азаматтық сектормен бірлесе отырып, Жануарларды қорғау туралы заң жобасын әзірлеу тапсырылды.

- Заң жобасы неге бағытталған?

- Заң жобасы жануарларға қарауды құқықтық реттеуге, оларға адамгершілік қарым-қатынаста болуға бағытталған. Мұның алғышарты жалпы қабылданған этикалық құндылықтар шеңберінде жануарлар мен адамның ізгілігі, оларға қорқыныш пен ауырсынуды сезіне алатын жанды тіршілік иесі ретінде қарау, жануарлармен қарым-қатынаста жалпы және арнайы талаптарды бекіту болып табылады. Сондай-ақ жануарларды қатігездік танытудан, қорлау мен өліп қалудан, оларды айуандықпен өлтіруден қорғау – басты мақсатымыз. Қоғамда адамгершілік пен ізгілікті бекіту, қауіпсіздікті, қаңғыбас жануарлардың сандарын реттеу саласындағы ақпараттық ашықтығын, азаматтардың өзге де құқықтары мен заңдық қызығушылықтарын қамтамасыз ету де осы заңға жүктеледі.

- Министрліктің жануарларға қатігездік танытқандарға қылмыстық жауапкершілік жүктеу бойынша ұстанымы әлі күшінде ме?

- Дәйектеліміне байланысты жануарлармен қарым-қатынаста қатігездік танытқандарға министрлік айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 316-бабында бұзақылық немесе пайдакүнемдік ниетпен жануарларға қатігездік танытқандарға 2000-нан 5000 АЕК мөлшерінде (1 АЕК=2917 теңге) айыппұл салу немесе екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылады.

Алайда Бас прокуратураға қарасты Ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері Қылмыстық кодекстің жануарларға қатігездік танытқандығы үшін жазаны күшейту бойынша 316-бабын қарастырған кезде аталған түзетулер жан-жақты өңдеуді талап етеді деген тұжырымға келді.

Осыған байланысты олар аталған нормаларды Бас прокуратура өткізген қылмыстық-процессуалдық және қылмыстық-атқару кодекстеріне бір уақытта түзету енгізу арқылы қылмыстық заңнаманы оңтайландыру бойынша жұмыстар шеңберінде қарастыруды ұсынды.

- Қазақстанда мұндай заң қабылдау қажеттігі туралы бұрыннан айтылып келеді. Заң жобасы не себепті Парламентке кешігіп ұсынылды?

- Заң жобасы азаматтық сектормен бірлесіп әзірленген жаңа жоба болғанын ескере отырып, тек мемлекеттік органдардан ғана емес, облыс әкімдіктерінен де сәйкес келісімдерді жүргізіп, барлық қажетті жемқорлыққа қарсы, ғылыми, экономикалық, лингвистикалық және қоғамдық сараптамалардың оң қорытындысын алу қажет болды.

Осының бәріне біраз уақыт кетті.

- Заң жобасы республикалық және жергілікті сипаттағы шығындарды талап ете ме?

- Иә, талап етеді. Заң жобасы арқылы қаңғыбас иттер мен мысықтарға мемлекеттік пана салып берудің құрылысы мен оларды әрі қарай асырау бойынша норманы жергілікті атқарушы органдарға беру ұсынылып отыр. Яғни бұл жерде олардың міндетіне қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстап әкелу, оларды ұрықсыздандыру, тамақтандыру мен асырау кіреді.

Одан басқа, иттер мен мысықтардың санын есепке алу мақсатында республикалық бюджет есебінен міндеттерді чиптендіру бойынша норманы енгізу ұсынылып отыр.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы