Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жануарларды қорғаушылармен бірлесіп «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірледі. Қазір құжат Парламент Мәжілісінде және оны биыл шілде айында қабылдау жоспарланып отыр.
«Inucobo» жануарларды қорғау қауымдастығының басшысы Лилия Сәрсенованың айтуынша, жануарларды қорғау туралы заң жобасы барлық басқа заң жобаларын жүйеге біріктіретін бірыңғай хаб ретінде маңызды.
Бұл заң жобасына ілеспе заң жобалары қоса беріледі, олардың шеңберінде қазір үлкен жұмыс жүргізілуде. Бүгінде елімізде жануарларға қатысты 300-ден астам нормативтік-құқықтық акті бар. Олардың негізгі және бірыңғай қағидаттарын жазып, жүйелендіру қажет. Сондықтан әзірленген заң жобасының маңызы зор, - деп атап өтті қауымдастық басшысы министрліктің Facebook-тегі ресми парақшасында.
Лилия Сәрсенова жануарларды қорғау туралы заң жобасында оларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қараудың маңызды принциптері бар екенін атап өтті.
Заң жобасында жануарларға арналған баспаналар ұғымы жазылған. Біз қылмыстардың ауырлығы бойынша әкімшілік және қылмыстық деп жеке-жеке бөлінуін ұсынамыз. Мысалы, жануарларға жауапсыздық танытқаны үшін әкімшілік бап, хайуандық әрекеті үшін қылмыстық бап қолданылуы керек, - деп хабарлады спикер.
Сонымен қатар, заң жобасы аясында жылжымалы хайуанаттар бағына толық тыйым салу жоспарлануда. Сарапшы атап өткендей, мұндай нысандарда көбіне жануарлар тиісті күтім жасалмай, олар қиын жағдайларға ұшырайды. Сондықтан жануарларды қорғаушылар мұндай жылжымалы хайуанаттар бағына қарсы.
Заң жобасында жануарларға қатал қарым-қатынасты толығымен тоқтату туралы жазылған. Сондай-ақ, ветеринарияға қатысты нормалар да қозғалды. Ауырсынуды басатын дәрілерді, адамгершілік эвтаназияны қолдану туралы да айтылды. Мұның бәрі өте маңызды, - деді Лилия Сәрсенова.