Жамбыл облысында туған қызына зорлық көрсеткен ер адам өмір бойына сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ер адам Қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігі бойынша кәмелетке толмаған қызына қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деп айыпталды.
2025 жылы 25 сәуірде сотталушы Ж., Қордай ауылындағы өзінің тұрғылықты мекен-жайында бола тұра, алкогольдік масаң күйінде, жәбірленуші (2019 ж.т.) Р.-ның дәрменсіз күйін пайдаланып, ата-анасы бола тұра, жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған, - деп жазылған Жамбыл облыстық сотының хабарламасында.
Сотталушының кінәсі оның өз жауабымен, жәбірленуші жас баланың, жәбірленуші жас баланың өкілінің және куәлердің айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, басқа да заттай дәлелдемелермен және істің құжаттарымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталғанды кешірмей, заң бойынша қатаң жазалауды талап етті. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Соттың үкімімен Ж. Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сот моральдық зиянның өтемі ретінде 5 млн теңге өндірді, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Семейде екі баланы зорлаған студент өмір бойына сотталды.