Атырау, BAQ.KZ тілшісі. "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Атырау облыстық филиалы құрылған 1 жыл ішінде Атырау облысындағы жалпы пайдаланудағы республикалық және жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдарын 605 рет тексерген.
506 жол құрылыс материалынан сынама алып, сынақтан өткізген. "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ШЖҚ РМК Атырау облысы бойынша директорының міндетін атқарушы Жантас Шәріповтің айтуынша жол салуға мемлекеттен қырауар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ мердігер компаниялардың тарапынан кемшіліктер көп.
- Жантас Ғазизұлы, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығын" құрудағы мақсат не?
- Елімізде облыс орталықтарын бір-біріне және оларды елордамен автомобиль жолдарымен байланыстыру үшін қазіргі таңда елімізде жол салу қарқынды жүруде. Сол секілді облысымызда 422 шақырымдай автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Егер де дүниежүзінде жүк тасымалының үлесін алып қарасақ, басым бөлігін автомобиль тасымалы құрайды екен. ТМД елдерінде, тоннаж бойынша автомобиль жолы 68 пайызбен алда келеді. Екінші орында 17 пайызбен темір жол көлігі, ал үшінші орында 13 пайызбен құбырмен тасымал тұр. Енді сол жол сапасын жақсарту бізге қойылған басты міндет.
Бір жыл бұрын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің "Ұлттық жол активтері сапасы орталығы" РМК осы аталған комитеттің бұрынғы "Атыраужолзертханасы" сияқты республикалық мемлекеттік мекемелері базасында үкімет қаулысымен қосылу және қайта жасақталу тәсілімен құрылды. Ұлттық сапа орталығы еліміздегі жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстарын тексереді және жол құрылысы материалдарының сапасын сараптамадан өткізеді. Зертхана 2019 жылға дейін тек республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының сапасын тексерумен шектелді. Кәсіпорын құрылғалы "Автомобиль жолдары туралы" заңына өзгерістер енгізіліп, облыстық деңгейдегі және елді мекендердегі автомобиль жолдарын сараптамадан өткізу құқығы берілді.
Баршамызға мәлім, республика көлемінде, сонымен қатар облысымызда жыл сайын қыруар қаражат бөлініп, жол салу, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Біздің мақсатымыз - жол сапасын, оған пайдаланылатын жол құрылыс материалдарын сараптамадан өткізу арқылы, сапасыз жол салуға, жөндеуге жол бермеу. Мемлекет қаржысының желге ұшпауының алдын алу. Себебі, сапасыз салынған жол мен стандарттарға сай емес материалдарын пайдалану арқылы жолдың өмір сүру мерзімі қысқарады. Яғни, бюджеттен мерзімінен бұрын жол жөндеуге қаражаттың жұмсалуын азайтуға ат салысу.
- Еліміздегі, облыстағы жолдардың сапасына сын көп айтылады. Жол сапасын тексеру жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
- Әрбір жол салу және әртүрлі сипаттағы жол жөндеу жұмыстарының нысандарына шамамен айына 2-3 реттен шығып, технологияның сақталуын және пайдаланылатын құрылыс материалдарының сынамаларын алып, зертханалық сынақтан өткіземіз. Нәтижесінде, технологиядан ауытқушылық немесе жол құрылыс материалдары стандартқа сәйкес келмеген жағадайларда, тапсырыс берушіге хат жүзінде ескертіп, мердігер мекеменің кемшілікті жоюына талап қоямыз. Технологиядан табылған ақаулар жойылған кезде қайтадан тексеріп, сапасыз материалмен салынған жолды қайтадан бұзып сапалы материалмен ауыстырған кезде, жолға шығып, көз жеткіземіз және қайтадан сынама алып, сынақтан өткіземіз.
- Бұл жұмыстарыңыз жол сапасының жақсаруына қаншалықты мүмкіндік береді? Жалпы 1 жыл ішінде қандай олқылық анықталды?
- Атап айтсақ, 2019 жылы республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына 561 рет жолға шығып, 491 жол құрылыс материалдарының сынамалары алынды. Нәтижесінде жол салу технологиясында 84 ақау анықталды, бұның 44-і жойылған жоқ және 36 жол құрылыс материалының стандарттарға сәйкес еместігі анықталды. Осының ішінде облыстық деңгейдегі автомобиль жолдарын атап айтсақ, 101 рет жолға шығып, 206 жол құрылыс материалдарының сынамалары алынды. Нәтижесінде 28 ақау анықталды, бұның 18-і жойылған жоқ және 18 жол құрылыс материалдары стандарттарға сәйкес еместігі анықталды. Неге мен облыстық деңгейдегі жолдарды бөлек атап өттім, себебі, өкінішке орай бұл жолдарда ақаулар басым.
- Атап өткеніңіздей, жергілікті деңгейдегі жолдарда ақау көбірек екен. Неліктен?
- Оның себебі де бар. Осы кәсіпорын құрылғанша бұрын болған мекемеміз заңға өзгеріс енгізілгенше тек республикалық маңыздағы жолдарды қарап келген болатын, сондықтан жергілікті деңгейдегі жолдар қалыс қалып келді. Үкімет осыны ескеріп, жаңадан Кәсіпорын құрып, жергілікті деңгейдегі жолдарды қадағалау құқығын берді. Енді сапа артады деп сеніп отырмыз. Әрине, бұған тек осы Кәсіпорынның әлі келмейді, тапсырыс берушілер мен мердігер мекемелер де жауакершіліктерін арттырып, түсіністікпен қараған жөн. Біздің кәсіпорынның Бас директоры З.Сағынов айтқандай, бізді олар қылышын көтерген әзірейілдей көрмеу керек. Біз сапаны арттыруға себепші болмақпыз. Дегенменде, облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жақсы қолдау көріп отырмыз. Түсіністікпен қарап жатыр. Осы басқарманың басшылығымен бірлесе іс-қимыл атқаратын болып, келісімге келудеміз. Ешкім де сапалы жолға қарсы емес қой. Жалпы, қолға алса бұл олқылықтарды жою қиын емес. Ол үшін бірінші кезекте мердігер мекемелер сапаға көңіл бөліп, барлық шараларды жүзеге асыру керек. Тапсырыс берушілер де талапты күшейту керек. Әрине, осы тұста айта кету керек, жобалаушы мекемелердің де жасаған жобаларының әсері бар.
- Табылған ақаулардың әлі күнге дейін жойылмағаны бар екен. Енді сол олқылықтардың орны тола ма? Жабулы қазан жабулы күйінде қалып қоймай ма?
- Жолдағы ақаулардың басым бөлігі өткен жыл соңында анықталды. Құрылыс маусымының аяқталуына байланысты дер кезінде жойылмай, биылғы көктемге қалды. Жол салу маусымы енді басталып жатыр және еліміздегі карантинге байланысты құрылыс жұмыстары да кешеуілдеді. Бірақ біз анықталған ақауларды ашық күйіндк қалдырмаймыз. Тапсырыс берушілер арқылы кемшілік жіберген мердігер мекемеден оны жоюды талап етеміз. Ал егер, сыннан қорытынды шығармаса ұлтты сапа орталығы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі арасындағы меморандумға сәйкес, әрекет етеміз. Яғни, осы аталған Агенттіктің Атырау облыстық департаменті қызметкерлерімен және "Атырау- адалдық алаңы" жобалық кеңсесі, сондай ақ, БАҚ өкілдерімен қайтадан тексерулер ұйымдастырамыз. "Сапалы жол" жобасы аясында осы мақсатта өткен жылы 1 рет республикалық және 1 рет жергілікті деңгейдегі жолдарға шықтық. Бұл нысындар: Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахан бағыты) жолының қайта жаңарту және Атырау қаласының Құрмаңғазы көшесінің қайта жаңарту жұмыстары. Біраз кемшіліктер анықталды. Қайта қалпына келтіруге талап қойылды.
- Жаңа мекеме болып құрылыпсыздар, құқықтарыңыз көбейіп жол құрылысы алаңына шыққан екенсіздер, ал енді өзгерістер бар ма?
- Жалпы облыс көлемінде атқарылып жатқан жол жұмыстарын саралай келе анықтағанымыз республикалық маңыздаға жолдарға қарағанда, жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдарында жол салу технологиясындағы ақаулар мен материалдардың сапасыздығы басым. Біз өткен жыл соңынан бастап, жергілікті деңгейдегі жолдарға кіргелі, мердігер мекемелер жауапкершілікті сезе бастады. Жол салатын, асфальтобетон қоспасын шығаратын жеке мекемлер де бізге жұмыстарын, шығаратын өнімдерін тексерту үшін келісім- шарт жасасқалы жатыр. Бұл дегеніміз сапаға бет бұрылды деген сөз.
- Жол сапасы қалай, немен тексеріледі? Оған сіздің мекеменің қауқары жеткілікті ме?
- Кәсіпорын инженерлері мен зертханашылары жолдың топырақ қабатынан бастап, оның үстіне салынатын жол төсемесіне пайдаланылатын топырақ, құм, малтатасты құмды қоспа, қиыршықтас, қиыршықтасты құмды қоспа сынды материалдардың сапасын қарап ғана қоймайды, сонымен қатар, бұл материалдарды жолға салу технологиясының сапасын тексереді. Мысалы, топырақ қабатына салынған топырақтың тығыздығын, жол төсемесіне салынатын матариалдардың құрамын, мықтылығын, үгіткіштілігін, қажалғыштығын және жол жамылғысына пайдаланылатын асфальтобетон қоспасының құрамын, мықтылық шегін, битум құрамын, қаншалықты су сіңіргіштілігін, суға қарсы тұра алатын коэффициентін, тығыздық коэффициентін анықтаймыз.
Сонымен қатар, салынып болған соң жол жамылғысынан асфальтобетон кернін ойып алып, пайдаланылған асфальтобетон қоспасының сапасын және осы қоспаны жол жамылғысына салған кезде технологияның сақталған - сақталмағандығын анықтаймыз. Мәселен, қоспаның температуралық және ауа райы температурасы режимдерінің сақталғандығын, нығыздағыш техниканың жұмысының дұрыс – бұрыстығын анықтай аламыз. Жол төсемесінің ең соңғы нүктесі – жол жамылғысы, яғни, асфальтобетон! Осы материалды біз 3 кезеңнен тұратын сынақтан өткіземіз. Сол асфальтобетон қоспасын дайындамас бұрын, сол қоспаға пайдаланылатын материалдар сапасын қарау, бұлар - әртүрлі фракциялы қиыршықтастар, құм, минералды ұнтақтар және битум.
Екінші кезеңде асфальтобетон зауытынан шыққан қоспаның сапасын жолға салар алдында қараймыз және үшінші кезеңде оны жолға нығыздап салған соң, асфальтобетон деп атайды, осыдан керн алып, сынақтан өткіземіз, яғни, технологияның сақталған-сақталмағандығын анықтаймыз. Мұның бәрін жүзеге асыратын құрал-жабдық жеткілікті. Зертхана жыл сайын жаңа құрылғылармен толығып отырады. Жақында ғана су жаңа "кернотборинк" құрылғысы алынды. Жәнге жылжымалы жол зертханасы да бар.
- Елімізде жол салушы мамандарға сұраныс жоғары екенін естіп жүрміз. Сіздің мекемеде маман тапшылығы бар ма? Жалпы болашағын жол саласымен байланыстырғысы келетіндерге қандай бағыт-бағдар бересіз?
- Тапсырыс берушілер, мердігер мекемелер және де осы өзіміздің кәсіпорында да тәжірибелі жол мамандарының толықтай жетіспеушілігі байқалады. Сол себепті кәсіпорынның бас директорының тапсырмасы бойынша, мектептерге жол саласының мамандығын таныстыру сабақтарын жүргізе бастадық. Атырау қаласындағы оннан астам мектепте жоғарғы сынып оқушылары арасында кәсіби бағдар беру кездесулерін ұйымдастырдық. Елімізде карантин жарияланып, бұл ісіміз толықтай аяқталмай қалды. Дегенменде, ZOOM жүйесі арқылы да таныстыру сабақтарын жалғастырдық. Бұл ісімізбен біз түлектерді жол саласына шақырдық. Бұрын мектептерге жоғарғы оқу орындары атынан өз білім ошақтарына оқуға шақырып, өкілдері баратын болса, біздер кәсіпорын атынан бардық.
Көпшілік, әсіресе жастар жағы асфальтобетонның астында не бар екендігін біле бермеуі мүмкін. Асфальтобетон астында әдетте жол құрылыс материалдарының құм, малтатасты құмды қоспа, қиыршықтастың түрлерінен құралатын қабаттар жатады және оның ең үстінде 1-3 қабаттан тұратын жол жабындысы болады. Осының бәрі жол төсемесі болып аталады және де қалыңдықтары ол жолдың мақсаты мен жол санатына байланысты 30 см-ден 80 см-ге дейін болады. Бұл қабаттар өз кезегінде қатаң сақталған технологиялармен салынады. Және де осы қабаттар қыстың аязына тоңып, жаздың аптап ыстығына күйіп-пісіп жатады, әсіресе көктем-күз айларында бір тоңып, бір жылып күйзеліске ұшырайды. Жеңіл автокөліктерді айтпағанда, өте ауыр салмақты жүк көліктер де жолдың нашарлауына әсер етеді. Жол салу технологиясын сақтап және стандарттарға сәйкес материалдар пайдаланған кезде ғана, автомобиль жолы осы табиғат құбылыстарына және автокөлік салмақтарына төтеп бере алады. Автомобиль жолы құрылысы саласы әрі қымбат, әрі материалды көп тұтынғыш, әрі қажырлы еңбекті қажет ететін сала.
Сонымен қатар осы салада қызмет ету өте қызықты. Мысалы, 2005 жылы 500 шақырымды құрайтын Атырау- Орал автожолының қайта жаңарту жұмыстары 3 жылда аяқталған болатын. Адамдар көліктің орташа жылдамдығымен осы аралықты күні бойы жүріп, діттеген жеріне жетеді. Ал осы жолды салудың ұзақтығы мен қиындығын айтсаңызшы. Тек 60-70 см-ді құрайтын жол төсемесінің өзін алып қарайық. Бірнеше жүз мыңдап, миллиондаған тоннаны құрайтын материалдарды құрылыс алаңына әкелу керек. Әуелі, жол құрылыс материалдарын темір жол көлігімен жол құрылысына пайдаланылатын материалдар кені орналасқан - Ақтөбе облысынан әкелуді ұйымдастырып, сосын жүк көліктерімен темір жол тұйықтарынан құрылыс алаңына дейін жеткізу керек. Бұл дегеніңіз жүздеген шақырым темір жол және автокөлік тасымалы! Және бұл материалдардың бәрін бульдозер, автогрейдер, каток, асфальт төсегіш, жүк тиегіш және тағы басқа да арнайы техникаларды пайдаланып жолға салу керек. Бұл жерлерде әрине жол жұмысшылары мен жол салуды қадағалайтын инженерлер де қызмет атқарып келді.
- Биыл қандай мақсат-міндеттеріңіз бар?
-Биыл 2020 жылы республикалық маңыздағы жолдарда көп жұмыстар атқарылмақ. Әсіресе, "Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы" (Астрахан бағыты) автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, орташа жөндеу жұмыстары да атқарылмақ және де жыл сайын атқарылуы тиіс – жолды күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары да бар. Осы жолдарды әрине, былтырдан бастап қолға алынған, жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдарындағы жұмыстарды қадағалауымыз керек.
Сонымен қатар, Атырау облыстық жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы, Атырау қалалық ТКШ, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімі және бірнеше аудандармен биыл салынатын жолдардың сапасын тексеруге келісім-шарт жасалуда.
- Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге рахмет!