«Қазгидромет» бүгін, 5 қазанда Қазақстанның 16 өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады. Бірқатар облыста жаңбыр мен қар, тұман, көктайғақ, бұрқасын және секундына 28 метрге дейін жететін қатты жел күтіледі.
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар, көктайғақ, тұман және төменгі бұрқасын болжанады. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында да жауын-шашын, тұман және жел күшейеді.
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында қатты жаңбыр, таулы аймақтарда жаңбыр мен қар жауады. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Алматы, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарында жаңбыр, найзағай, таулы аймақтарда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Кей жерлерде жел 23-28 м/с-қа дейін күшейеді. Алматыда түнде қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Ақтөбе облысында жаңбыр мен қар, кей жерлерде көктайғақ болжанады. Батыс Қазақстанда жауын-шашын мен тұман, Атырау және Маңғыстау облыстарында қатты жел күтіледі.
Қызылорда облысында шаңды дауыл болып, желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетеді. Түнде топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік болуы мүмкін.
Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Төтенше өрт қаупі Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау және басқа да облыстардың жекелеген аумақтарында болжанады.