Бүгін, 9 қыркүйекте Қазақстанның 15 облысында дауылды ескерту жарияланды. «Қазгидромет» мәліметінше, бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ, шаңды дауыл және екпінді жел күтіледі.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанады. Кей жерлерде шаңды дауыл тұрып, жел екпіні 25 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай, солтүстік және шығыс аудандарда қатты жаңбыр, бұршақ пен дауыл күтіледі. Оралда да күндіз бұршақ жаууы ықтимал.
Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Қызылорда, Қостанай және Ақмола облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр мен найзағай болжанады. Ақмола мен Қызылорда облыстарында шаңды дауыл күтіледі.
Түркістан облысында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болып, кей аудандарда шаңды дауыл тұрады. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен найзағай, ал Жамбыл облысының таулы аудандарында екпінді жел күтіледі.
Қарағанды және бірқатар басқа өңірде жел күшейеді. Сонымен қатар көптеген облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.