Жаңатаста төтенше жағдай жарияланды. Күшті жел үйлер мен электр желілерін зақымдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданының Жаңатас қаласында қатты жел салдарынан зақымданған нысандарды аралап, жағдайымен танысты.
6 ақпанда екпіні секундына 32 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан 3 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толықтай, 7 үйдің шатыры жартылай ұшқан. Сонымен қатар 7 кәсіпкерлік нысанның шатыры бүлініп, шамамен 2 шақырым электр желісі үзілген.




Бүгін қатты жел салдарынан Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ұшып, электр желілері бүлінді.
Осыған орай Жаңатасқа арнайы барып, жағдаймен таныстым. Анықталғандай қатты желдің салдарынан 3 үйдің шатыры толық, 7 үйдің шатыры жартылай, сондай-ақ жеті кәсіпкерлік нысанының шатыры бүлінген. Шамамен 2 шақырым электр тоғы үзілген. Зардап шеккендер жоқ. Коммуналдық желілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, әлеуметтік нысандарға зақым келмеген. Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Зерделеу жалғасуда. Апат салдарын жоюға тиісті қаржы қарастырылатын болады. Қажетті көмектің барлығы көрсетіледі. Аудан әкімдігі мен төтенше жағдай департаменті, жауапты басқармаларға қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісуді тапсырдым. Жұмыс бүгіннен басталады. Жағдай жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкеткені хабарланды.