Жанарыңды сақта! Жылына бір рет көзді тексертіп тұру қажет - дәрігер

Жанарыңды сақта!  Жылына бір рет көзді тексертіп тұру қажет - дәрігер

Көз – тіршілікті танып-біліп, көретін адамның маңызды мүшелерінің бірі екені белгілі. Адам айналасындағы ақпараттың 90%-ын көру арқылы қабылдайды екен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Техника күн сайын қарыштап дамыған сайын жанардың сыр беруі көп кездесуде. Көру қабілетінің нашарлауына не себеп? Жанарымызды қалай сақтаймыз? Осы және өзге де сұрақтарды көз дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Әйгерім Төлетоваға қойған болатынбыз. 

- Әйгерім Серікбайқызы, көз ауруының қандай түрлері бар? Әңгімемізді содан бастасақ...

- Қазіргі уақытта көз ауруларының көптеген түрлері бар. Соның ішінде, көз бетінің аурулары (блефарит, конъьюнктивит, кератит), көз бұршағының, көздің қан тамырларының, торлы қабатының аурулары, көз жарақаттары, глаукома, рефракция акаулары, қылилық, көздің ісіктері, түрлі туа біткен көз патологиялары және тағы да басқа жағдайлар жиі кездеседі. 

- Көз ауруларының пайда болуына, таралуына не себеп?

- Көз аурулары туа біткен болады немесе жүре пайда болады. Көптеген патологиялар тұқым қуалаушылыққа байланысты, қоршаған ортаның жағдайына, адамның өмір сүру салтына қарай да орын алуы мүмкін. 

- Біздің елде көздің қандай аурулары кең таралған? 

- Бүкіл әлемдегідей Қазақстанда да кең тараған көз аурулары: бұл – катаракта, глаукома, рефракция ақаулары (миопия), жас ерекшелігіне байланысты дамитын макулопатия. Көз жанарлары семіп, көру қабілеті нашарлауының басты себептері: глаукома, дегенеративті миопияның асқынулары, гипертониялық және диабеттік ретинопатияның асқынулары.

- Балалар арасында көбіне қандай көз аурулары кездеседі? 

- Балалар арасында кең тараған көз аурулары – бұл рефракция ақаулары (миопия, гиперметропия, астигматизм), қылилық, көз бетінің (қабақтың, конъюнктиваның)  блефарит, конюънктивит сынды қабыну аурулары.  

- Сәбилерде туабітті соқырлық жағдайларын естіп жатамыз. Оған не себеп?

- Сәбилерде туабіткен соқырлық туа біткен көз ақауларына байланыста болады. Оларға  көру нервісінің туабіткен патологиялары, тамырлы қабаттың туабіткен ақаулары, ұрықтағы көзішілік қабынудың асқынулары жатады. Сонымен қатар  қазіргі таңда шала туған балалардың ретинопатиясы да жиі кездеседі. Егер шала туған балаларда ретинопатия дер кезінде анықталып, уақытында емделмесе, нәрестенің соқырлығына алып келуі әбден мүмкін.

- Қазір қолында смартфоны, алдында ноутбугі жоқ адамды кездестіру қиын. Бар жұмысымыз тікелей осы техника түрлерімен тікелей байланысты болғандықтан, көп уақытымыз солай өтеді. Осы компьютер мен смартфонның көзге кері әсері жайлы айтып берсеңіз.

- Компьютер немесе смартфонға құштарлық расында да біздің күнделікті өмір сүруіміздің құралына айналып кеткен жаңа өмір жағдайлары. Техниканың алдында көп уақыт өткізу компьютерлік көру синдромына: көздің құрғауына, қабынуына, талып шаршауына, рефракцияның күшеюіне ұласады. Бүл жағдай өмір сапасына әсер етеді.

- Көздің жиі жасаурауы, қызаруы неден?

- Көздің жиі қызаруы, жасаурауы да осы компьютер мен смартфонға құштарлыққа байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ жалпы дененің денсаулық жағдайына да байланысты болады. Көз – үлкен ағзаның кішкентай бөлігі. Егер жалпы ағзаның денсаулық деңгейі жақсы болса, көздің жағдайы жақсы болады. Егер ағзада созылмалы аурулар болса, дәрумендер мен қоректік заттардың жетіспеушілігі болса, бұл соның ішінде көздің денсаулығына да әсер етеді.

- Көз ауруын байқамай, емделмей жүре беретіндер бар. Оның соңы соқырлыққа әкелу қаупі бар ма?

- Глаукоманың, жастыққа байлынысты дамитын макулодистрофияның, гипертониялық және диабеттік ретинопатияның, дегенеративті миопияның, көздің қабыну ауруларының, шала туған балалардың ретинопатиясының, уақытылы зерттеліп емделмеген озық жағдайларының соңы өкінішке қарай соқырлыққа әкеледі.

- Қант диабетінің көзге әсері қандай? 

- Қант диабеті көздің микроциркуляциясына әсер етеді. Диабеттік ретинопатия дамиды – көздің ішіне, торлы қабатқа қан құйылады, көз түбінде жаңадан сапасыз тамырлар пайда болады. Осының бәрі торлы қабаттың сулануына және қатерлі глаукомамен асқынуына себеп болып, тұрақты соқырлыққа әкелуі мүмкін.

- Елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, күрделі оталар қолжетімді екенін білеміз. Міндетті медициналық сақтандыру аясында көз ауруларын емдетуге, күрделі ота жасатуға бола ма? Жоспарлы түрде жасала ма? 

- Бүгінгі таңда халыққа офтальмологиялық көмектің  барлығы дерлік МӘМС, яғни Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетіледі. Түрлі консультациялық-диагностикалық тексерулер жергілікті емханаларда МӘМС аясында қолжетімді. Глаукоманың әр түрлі кезеңдері, көздің алдыңғы және артқы бөлігінің күрделі патологиялары, катаракта және көз бұршағының орнынан қозғалған  жағдайлары, көздің туабіткен ақаулары сияқты тағы да басқа көз ауруларында жоғары технологиялық медициналық көмек, күрделі оталар МӘМС бойынша ауруханаларда халыққа тегін көрсетіледі. Мұндай медициналық көмек жалпы жоспарлы түрде жасалады. 

- МӘМС аясында ота жасатқысы келетін пациенттерге оның жолдарын түсіндіре кетсеңіз? Отаға дейінгі дәрігердің консультациясы-кеңесі, анализдер, аппараттарда тексеру – бәрі тегін жасала ма?

- Пациент міндетті түрде жергілікті емханаға барады. Қажетті зерттеулерден өткеннен кейін пациент ауруханаға жатқызу бюросының порталына салынады. Портал таңдалған ауруханаға түсетін күнді автоматты түрде анықтайды. Пациентке ауруханаға жатқызу талоны және қажетті анализдердің нәтижелері беріледі. Осы құжаттармен талонда анықталған уақытта науқас таңдалған ауруханаға келіп, қарсы көрсетілімдер болмаған кезде ауруханаға жатқызылады. Осының бәрі тегін жасалынады.

- Көзді жылына/ айына қанша рет тексертіп тұру қажет? Жалпы көз ауруларының алдын алу үшін қалай күтіну керек?
Әр адам күнделікті көзге қандай жаттығулар жасап тұрғаны дұрыс?

- Егер созылмалы аурулар болмаса,  көзді жылына бір рет тексеріп тұру жеткілікті. Егер белгіленген диагноз болса, тексерулердің жиілігі дәрігердің ұсыныстарына байланысты.  Көз – үлкен ағзаның кішкентай бір бөлігі. Егер жалпы ағзаның денсаулық деңгейі жақсы болса, көздің жағдайы да жақсы болады. Салауатты өмір салтын таңдау, жалпы денсаулықты бақылау, гиподинамиядан аулақ болу, көз гигиенасын сақтау, керек болса, дәрігердің ұсыныстарын орындау – көз ауруларының алдын алудың негізгі шарттары.

- Әңгімеңізге рахмет! 

Бөлісу: