Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы жаңа жағалау шаһар тұрғындары мен қонақтарының мақтанышы мен сүйікті орнына айналды. Күн сайын әсіресе, демалыс күндері қала тұрғындары осында жиналады.
Жаңа жағалау Қопа көлінің аймағына жаңа дем берді. Өткен жылдың наурыз айында басталған жоба «Қан орталығынан ескі әуежайға дейін Қопа көлінің бойындағы жағалау аймағының құрылысы» деп аталады.
Бүгінде жағалау облыс орталығының көрікті орындарының біріне айналды. Әрбір тұрғын мұнда өзінің ең талғампаз қонағын әкелуді мәртебе санайды.
Көкшетаудағы жағалау Қазақстан мен Ресейдің шекаралық ынтымақтастығын дайындау аясында салынды. Оқиға өткен күзде жоспарланған болатын, бірақ коронавирустық пандемияның өршуіне байланысты ол кейіне шегерілді. Құрылыс учаскесінің ұзындығы 1,5 км, жалпы ауданы – 9,5 гектарды құрайды. Жағалаудағы абаттандыру жұмыстары шілдеге дейін жалғасады. Бүгінде жұмыс 95 пайызға орындалды. Құрылыс жұмыстарын жергілікті билік бақылауда ұстап отыр. Мердігерге талап қойылды. Сапаға бес жылға кепілдік берілуі тиіс. Кейін нысанды ТКШ бөлімі қабылдап алады. Компания барлық кемшіліктерді өз қаражаты есебінен түзетеді, – деп атап өтті Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Уақыт Бейсембаев.
Болашақта жергілікті билік жағалау аумағында бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отыр. Осы уақытта мұнда не болып жатқанын мобильді жаяу патруль бақылайды. Сондай-ақ, кешке автопатруль жүреді.
Жағалауға кіруді шектей алмаймыз, ол адамдар үшін салынған. Десек те, жасалған дүниелерді қирату, қоқыс лақтыру сияқты келеңсіздіктер орын алуда. Сондықтан тұрғындарды қоғам мүлкіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз, – дейді Уақыт Бейсембаев.
Шартты түрде ұзындығы бір жарым шақырымға жуық жағалау жеті аймаққа бөлінеді: жағажай, амфитеатр, рекреациялық аймақ, спорт (скейтборд, баскетбол және волейбол алаңдары, тренажерлер), балалар, ересектерге арналған демалыс аймағы, қоғамдық демалыс.
Жоспар бойынша жағалаудағы құрылыс жұмыстары Кенесары көшесіне дейін жүргізіледі. Нысан толық тапсырылғаннан кейін жеке кәсіпкерлердің жұмысына жол ашылады. Олар тамақ пен алкогольсіз сусындар павильондарын, катамаран, аттракциондар ұйымдастыруға мүмкіндік алады. Кәсіпкерлік бөлімі қазір орнатылған павильондардың жалпы архитектураға сәйкес болуы үшін жұмыс істеуде. Барлығы қаланың жалпы сәулеттік келбетіне сәйкес келуі керек, – деп түсіндірді Уақыт Бейсембаев.
Қылшақтының сылдырлап Қопаға құяр сағасынан кең де көркем, қолайлы көпір салынды. Көпірдің солтүстік қанатының жолы да аяқталды. Қаланың сонау шетіне дейін созылады. Түнде шамдары самаладай жарқырап, сайрап жатыр. Енді оңтүстік қанаты төселмек. Осы жаңа көпірдің төрт жағына төрт арыстан мүсіні орнатылды.
Алтын түсті аң патшаларына жастарымыздың қызығуы күшті. Күн-түн демейді сейілдеп жүріп жанына барып, мәре-сәре болып, суретке түсіп жатады. Арыстан қашанда қайрат-жігердің, зор күштің, сондай-ақ, әділдіктің те символы емес пе? Елі ертеңіне үміт арытқан жастарымыздың жаңа мүсіндерге үйірсектеуінің де сыры бәлкім, сонда шығар. Арыстанды айналсоқтап, қаумалап суретке түскен жастарға қарап тұрып, ұлы ақын Мағжанның: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» деген жалынды жыры еске оралады, – дейді жазушы Серік Жетпісқалиев.
Ересектер мен қарттар асфальтталған жолмен серуендеп, тренажерларда жаттықса, жастар пирстерде, ал балалар ойын алаңдарында серуендейді. Дәл осы жерде инстаблогерлер мен тиктокерлер үшін ең сәнді фото аймақ пен декорация бар.
Іргені шайған, шалқыған Қопа көлінен ескен жел кеудеңді толтырып, жаныңды жадыратады. Күнұзақ күйбің тірлігімен айналысып, кеңселерде компьютерлер алдында телміріп, жүйке жұқартқан жұрттың, әрине, саумал ауаны сіміре жұтып, сейілдегісі келеді. Бүгінгі қала осыған бейімделуде, еркін дем алып, сейіл құруға қолайлы жағдайлар жасалуда. Батар күннің шұғыласына көз тігіп, көл жағалап жаяу жүргінші жолымен сонау қала шетіне дейін барып келуге болады. М.Горький көшесінен бастау алған жаяу жол жаңадан салынып, жұмысы жалғасуда. Бүгінгі Көкшетау бұрынғы тас қараңғы Көкшетау емес. Жарық болған соң еркін жүріп, түрлі түсті шамдар, әшекейлер мен өрнектерді тамашалап, сейілдей бересің. Тау басынан «Көкшетау» деген жазу ерексіз өзіне тартып, қызықтырса, жағалай жанған жарық сәулесі көлге түсіп, олардың санын көбейтіп, қаланы ертегідей әсерлендіріп, көріктендіре түседі, – дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов.