Ұлттық құрылтай мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Ұлттық құрылтай негізінде 4 жылда 26 заң қабылданғанын айтты. Сондай-ақ құрылтайдың Қызылордада өтуінің маңызын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық құрылтай - реформалардың қозғаушы күші. Төрт жылда Ұлттық құрылтайдың ұсыныстары негізінде 26 заң қабылданды. Бұл – сөздің іске айналғанының нақты дәлелі. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастиканы жүйелеу, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру – қоғам сұранысына берілген нақты жауаптар, - дейді депутат.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, құрылтайдың Сыр бойында өтуі – кездейсоқ шешім емес.
“Сыр - Алаштың анасы” деген сөздің астарында ұлт тарихының тұтас бір кезеңі жатыр. Шірік-Рабаттан бастап Сығанаққа дейінгі көне қалалар қазақ жерінде өркениет болғанын дәлелдейді. Бір ғасыр бұрын еластанасы болған Қызылорда – мемлекеттілік идеясының, ұлттық жаңғырудың символы. Президент осытарихи сабақтастыққа айрықша тоқталды, - деді құрылтай мүшесі.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Президент баяндамасындағы ең өзекті тақырыптардың бірі ретінде Сыр өңіріндегі су мәселесін атады.
Президент баяндамасындағы ең өзекті тақырыптардың бірі – су мәселесі. Арал тағдыры – бір өңірдің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ортақ проблемасы. Солтүстік Аралды сақтап қалу жолындағы жұмыстар, Көкарал бөгетін биіктету, халықаралық келісімдер – жүйелі саясаттың нәтижесі. Су дипломатиясын дамыту, халықаралық су ұйымын құру бастамасы Қазақстанның бұл мәселені тек ішкі емес, жаһандық деңгейде көтеріп отырғанын көрсетеді, - деді Жанарбек Әшімжан.
Еске салсақ, бүгінгі Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент "Құрылтай" деп аталуы мүмкін екенін атап өтіп, жаңа Парламенттің құрамы мен құрылымына қатысты жұмыс тобы талқылаған негізгі ұсыныстарды таныстырды.
Осы орайда жаңа Парламенттің мандат саны 145 болуы мүмкін. Белгілі болғандай, жаңа Парламент 5 жылға сайланады.
Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы елде қоғамдық дамудың барлық мәселелері бойынша тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізуге арналған жаңа институт – Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды.