Жанар-жағармай мен көмірдің бағасы қашан реттеледі?

18 Қараша 2021, 11:42
1972
Бөлісу:
Жанар-жағармай мен көмірдің бағасы қашан реттеледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Ләззәт Рысбекова министрлерге елдегі жанар-жағармай мен көмір бағасына қатысты сұрақ қойды.

2022 жылға арналған жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4-6% деңгейінде айқындалған. 2021 жылы инфляция индексі 4-6%-бен болжамдалған. Алайда ол іс жүзінде 8,9%-ға жетті. Мәселен, жанар-жағармай бағасының өсуі байқалады. Дизель отын бағасының күрт өсуі, әсіресе, қоғамдық көлік, ауылшаруашылық тауар өндірушілері және жүк тасымалы үшін қиындықтарды туғызып отыр. Көмір нарығында да осындай жағдай қалыстасты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша тұрмыстық көмірдің бағасы тасымалдау мен электр энергиясы тарифтерінің өсуіне байланысты 9%-ға өсті. Жанар-жағармай мен көмір бағасының өсуі барлық тауар құнының өсуіне әкеліп, жағдай күрделене түседі, - деді депутат.

Сенатор Ләззәт Рысбекова осыған байланысты жауапты министрліктер басшыларына сауал қойды.

Энергетика министрлігі 2022 жылы жанар-жағармай, оның ішінде дизель отыны бағасының өсуін тұрақтандыру мақсатында, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көмір бағасының өсуін ұстау бойынша қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? – деп сұрақ қойды ол.

Депутаттың қойған сұрағына алдымен Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев жауап берді.

Естеріңізге сала кетейін, жанар-жағармай бағасы реттелмейді және осы жылы оның бағасын талқылау кезінде екі мәселені есте ұстауымыз керек. Ең алдымен, әлемдік брендтің бағасына тәуелділігі және екіншіден, көрші елдердегі қалыптасқан бағалардан айырмашылығы болмауы тиіс. Биыл елімізде дизель жанар-жағармайдың тапшылығы болды. Оның ең басты себебі – көрші елдердегі бағаның үлкен айырмашылығы, - деді министр.

Оның айтуынша, енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік жүйелік өзгерістерді әзірлеп жатыр.

Оның ең бастысы – 3 мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарының мерзімдерін нақтылау және регламенттеу. Екіншіден, елімізде мемлекеттік-материалдық қорды қалыптастыру. Үшіншіден, жанар-жағармайды бақылау. Яғни әр мұнай базаларын тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтау. Қазір мұндай мәселелерді зерттеуді қолға алдық. Жылдың аяғына дейін нақты ұсыныстарды енгіземіз, - деп толықтырды Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов көмір бағасына қатысты түсініктеме берді.

Көмір бағасы өспеуі үшін бірқатар шара қабылдадық. Ең алдымен көмір өндіретін ірі компаниялармен меморандумға қол қойылып, тұрақты бағаға келістік. Бүгінгі күні «Қаражыра», «Богатырь», «Шұбаркөл» көмірлерінің бағалары тоннасына 5 200-ден 5 700 теңгеге дейін болады. Осы жылыту кезеңінде өңірлерден 9,3 млн тоннаға сұраныс болды. Оның 8,8 млн-ы түсірілді. Бүгінгі таңда вагондар уақытылы беріліп жатыр, көмір разъездерінде баға тұрақты. Ал енді көмірлер өңірлерге жеткенде оны реттейтін орталықтары болады, - деп жауап берді ИИДМ басшысы.

Министр қарашада «Шұбаркөл» көміріне сұраныс көп болғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы