Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Жанар Санхаева Қазақстандағы саяси алаңдар тиімді жұмыс істегенімен, олардың түбегейлі шешім қабылдау құзыреті болмағанын айтты. Сарапшы бұл пікірді "Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар" тақырыбында өткен "SARAP" эксперттік клубы отырысында білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Ұлттық құрылтайдың жақсы әрі сәтті жобаларды ұсынғанын, бастамашылық еткенін мойындау керек. Соңғы бес жылда бұл жобалар өз тиімділігін көрсетті. Дегенмен аталған бастамалардың ары қарай ілгерілеуі не ілгерілемеуі жөніндегі түпкілікті шешім бәрібір жоғары деңгейде қабылданды, - деді ол.
Жанар Санхаеваның айтуынша, Халық кеңесінің саяси процеске ықпалы күштірек болады.
Халық кеңесіне келсек, біз оның заң жобаларын, түрлі бастамаларды ұсыну мүмкіндігі бар екенін көріп отырмыз. Менің түсінгенімше, бұл ұсыныстар Парламентке жолданады. Бұл – Үкіметпен өзара іс-қимылдың, саясатқа кірудің мүлде өзге арнасы деуге болады. Яғни саяси процеске қатысудың жаңа жолы. Бұл мобильділікті арттырып, мүмкіндіктерді кеңейтеді деп ойлаймын. Өйткені Халық кеңесі қызметінің ықпалы да өзгеше, - деді сарапшы.
.jpeg)
Ол сондай-ақ осы уақытқа дейін бірде-бір кеңесші орган немесе институтқа референдум бастамасын көтеру өкілеттігі берілмегенін атады. Сарапшының сөзінше, Халық кеңесі шын мәнінде күрделеніп, жаңа саяси мән мен ықпалға ие болып отыр.
Меніңше, мұның бәрі – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі берген тәжірибенің нәтижесі. Себебі бұл институттар азаматтық қоғамның, қоғам қайраткерлерінің конструктивті түрде ұсыныс білдіре алатынын, белгілі бір деңгейде кемелдікке жеткенін көрсетті, - деп атады ол.
Жанар Санхаева Халық кеңесін “еститін мемлекет” моделін кеңейтудің жалғасы, ұлттық диалог форматының одан әрі дамуы деп санайды.
Бұл жерде кеңестің құрамы да өте мықты екенін атап өткім келеді: оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясынан 42 өкіл, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 өкіл енеді. Мұның бәрі осындай кең функционалдық мүмкіндіктермен ұштасып отыр, - деді сарапшы.

Айта кетейік, бүгін "Qazcontent" АҚ мен "Қазақстандық қоғамдық даму институты" КеАҚ арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Рәсім ҚҚДИ-ға қарасты "SARAP" эксперттік клубының "Кеңесуші институттар: конституциялық реформа аясындағы перспективалар" тақырыбындағы отырысы аясында өтті.