Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ішкі істер министрі Жанар Хамитованың қазасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Tengrinews.kz сайты хабарлады.
«Жанар Хамитованың қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық жайт тексеріліп жатыр. Баршаңыз білетіндей бұл жерде өз-өзіне қол жұмсау фактісі болған. Осыған байланысты кей тұстар бар. Қазір Қарағанды облысында қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр», - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, әнші кеше таңертең Қарқаралы өңіріндегі өз ауылында қайтыс болды. Қарағанды облысының полиция департаменті бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 105 бабы 1-тармағы (Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу) бойынша тергеу жүріп жатқанын айтқан болатын.
Жанар Хамитова 2006 жылы Super Star мега жобасына қатысты. Бұдан кейін ол «Чайна Таун» музыкалық топтың құрамында өнер көрсетті. Кейін Нұржан Керменбаевпен бірге "Арнау" дуэтінің әншісі болды. 2009 жылы ол "Арнау" дуэтінің құрамынан бөлініп кетті.