Жансейіт Қайнарбаев Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін, 12 ақпанда өңір басшысы Нұрлан Ноғаев қалалық мәслихат депутаттарына өз еркімен қызметінен кеткен Айбек Қосуақовтың орнына Жаңаөзен қаласының әкімі лауазымына жаңа кандидатураны ұсынды.
Бұған дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Жансейіт Қайнарбаев жаңа кандидат атанды.
Жансейіт Қайнарбаев Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Тау-кен инженері» және «Экономика» мамандықтары бойынша оқыған, екі жоғары білімі бар.
Еңбек жолын 2006 жылы жеке секторда бастаған.
2012 жылға дейін осы салада шебер, бас механиктің орынбасары болған. Әртүрлі ЖШС директоры қызметтерін атқарған.
2012 жылдан 2014 жылға дейін «Тазалық» МКК бөлім бастығы, Жаңаөзен қаласы.
2014 жылдан 2015 жылға дейін «Коммуналдық қызмет» МКК директоры.
2015 жылдан 2016 жылға дейін Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болды.
2016 жылдан 2022 жылға дейін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары.
2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Депутаттар ұсынылған кандидатураны қолдап, Жансейіт Қайнарбаевқа тәжірибелі басқарушы ретінде сенім білдіретіндерін атап өтті. Нұрлан Ноғаев атқарылған жұмысы үшін Айбек Қосуақовқа алғыс білдіріп, жаңа әкімге Жаңаөзен қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар тапсырма берді, - делінген хабарламада.